Астана қаласындағы Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясы қызметкерлері үшін жаңа модульдік үй орнатылды. Бұл туралы мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ораз Ерубаев хабарлады.
Оның айтуынша, бұл үйде вахталық әдіспен жұмыс істейтін ауыр жол техникасын басқаратын, ауысыммен жұмыс істейтін машинистер мен жұмысшылар орналасады. Үйдің модульдік дизайны шалғай учаскелерде жұмыс істейтін теміржолшылардың демалуы мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
«Жаңа модульдік үй барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған, соның ішінде жатын бөлмелері, ас үй, душ және басқа да тұрмыстық керек-жарақтар бар. Бұл теміржол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатысатын жұмысшылардың өмір сүру сапасы мен еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді»,-дейді О.Ерубаев.
Вахталық жұмысшыларға арналған заманауи модульдік тұрғын үйді орнату теміржол инфрақұрылымын күтіп ұстау және дамытумен айналысатын жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудағы маңызды қадам болып табылады.