Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясы аясында Стандарттарды қолдану комитетінің отырысында ХЕҰ Конвенцияларын енгізудегі қазақстандық тәжірибемен таныстырды.
«Кәсіподақтар федерациясы Қазақстандағы еңбекшілердің ең ірі ұйымы бола отырып, ХЕҰ қағидаттары мен стандарттарын ілгерілету және қолдану үшін бар күшін салады. Кәсіподақтардың бастамасымен ұлттық заңнаманы ХЕҰ-ның «Өнеркәсіптегі және саудадағы еңбек инспекциясы туралы» № 81 және «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» № 129 конвенцияларының ережелеріне сәйкестендіру қажеттігі туралы ұсыныстар әзірленіп, Үкіметке жіберілді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерді сақтау жұмыстар туралы айта отырып, ол үш жүйелі мәселеге тоқталды.
Әңгіме, ең алдымен, Кәсіподақтар федерациясының еңбек қауіпсіздігін басқарудың өтемақылық моделінен тәуекелге негізделген моделіне көшу бастамасы туралы болып отыр.
«Өткен жылы Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасында Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының 2030 жылға дейінгі жобасын әзірлеуге белсенді қатысты, оған бірқатар кәсіподақ бастамалары, соның ішінде еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған моделіне көшу енгізілді. Бұл жалпы қабылданған әлемдік тәжірибе және біз оны Қазақстанда енгізуіміз керек. Федерация бұл шара өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайтады деп үлкен үміт артады», – деді ҚРКФ басшысы.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясының тағы бір маңызды бастамасы еңбек заңнамасын сақтау бойынша кәсіпорындарды тексеру мораторийін тоқтату туралы ұсыныс болып табылады.
«Өткен жылы жұмысшылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу және тиісті қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Кәсіподақтар федерациясынан кәсіпкерлікті тексеру мораторийін алып тастау туралы ұсыныстар Үкіметке жіберілді. Біз бұл мәселе бойынша мемлекеттің шешім қабылдауына ықпал ете алдық және 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлікті тексеру мораторийі алынып тасталды», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беру туралы мәселенің оң шешімі туралы хабарлады.
«Қазір Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекциясын орталық мемлекеттік органның құзырына беруді көздейтін заңнамалық түзетулер қабылдануда. Еңбек инспекциясының ауысуы нәтижесінде жеке бөлім – Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитет құрылады, ол да еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды айтарлықтай күшейтеді», – деп атап өтті кәсіподақ жетекшісі.
Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік серіктестермен бірлесіп еңбекті қорғаудың техникалық инспекторларының мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру бойынша кәсіподақ ұсыныстары бойынша жұмыс жалғасуда.
«Қоғамдық бақылауды күшейту және еңбекті қорғаудың техникалық инспекторларының мәртебесін арттыру жөніндегі біздің ұсыныстарымыз «Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыд жоспарында» көрсетілді. Бұл жағдай оң шешімін табатынына біздің сеніміміз мол», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, халықаралық стандарттарды енгізу бойынша қабылданып жатқан барлық қадамдар қазақстандық кәсіпорындарда және, ең алдымен, қауіпті өндірістерде қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмыс берушілермен және Үкіметпен сындарлы диалогты дамытуға жаңа серпін берді.
«Кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары нақты постулаттарға сүйене отырып, еңбек қауіпсіздігі мәселелерінде әрекет етеді: еңбек адамды өлтірмеуі және мүгедек етпеуі, денсаулығына зиян тигізбеуі керек; ешкім күнкөрісін жасап жүріп, жұмыс орнында қаза болмауы керек», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Соңында ол Кәсіподақтар федерациясының ынтымақтастықты күшейту және халықаралық нормаларды ілгерілету, сондай-ақ лайықты еңбектің жаңа Елдік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ХЕҰ-ның техникалық көмегі шеңберінде жұмысты жалғастыруға ниетін растады.
Естеріңізге сала кетейік, Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы Женевадағы Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясына қатысуда.
Сапардың маңызды қорытындысы Халықаралық еңбек ұйымы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Парыз» Жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы арасында Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасына қол қоюы, сондай-ақ ХЕҰ-ның Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің вице-президенті – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің ХЕҰ-ның Бас кеңесінің отырысына қатысуы болды.
Халықаралық еңбек конференциясы аясында ҚРКФ Төрағасы халықаралық кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларымен – ХЕҰ-ның Бас директоры Жильбер Унгбомен, ХЕҰ-ның Бас хатшысы Люк Трианглмен, АCTRAV Еңбекшілер бюросының директоры Мария Хелена Андремен, IndustriALL жаһандық одағы Бас хатшысының орынбасары Кемал Озганмен, ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Беате Андрееспен және т. б. бірқатар кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің шетелдік әріптестер – Жапония кәсіподақтар конфедерациясының (RENGO, JTUC) Президенті Томоко Йошиномен, Бүкілқытайлық Кәсіподақтар федерациясы (ACFTU) төрағасының орынбасары Вэй Дичунмен, сондай-ақ Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің Ұлттық кәсіподақтар орталықтарының кәсіби жетекшілерімен келіссөздері өтті. Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын белгіледі.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы