Қазақстанның әлеуметтік серіктестері мен ХЕҰ Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын қабылдады

3-15 маусым аралығында Женева қаласында өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясы аясында ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы өз жұмысын жалғастыруда.

Жұмыс сапарының маңызды сәті еліміздің әлеуметтік серіктестері мен Халықаралық еңбек ұйымы арасында Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасына қол қою болды.

Құжатқа ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Беате Андреес, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов және «Парыз» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының бас директоры Айдос Әбіханов қол қойды.

Әлеуметтік әріптестер жол картасын Халықаралық еңбек ұйымының техникалық қолдауымен әзірледі. Ол еңбек саласының бес өзекті бағыты бойынша бірлескен бастамаларды айқындайды: «Қауіпсіз еңбек және еңбек инспекциясы», «Әлеуметтік диалог және трипартизм, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің бостандығы», «Ең төменгі жалақы», «Әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау», сондай-ақ «Еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен қудалауды жою».

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қатарында еңбекті қорғау туралы заңнаманы жетілдіру жоспарланған. Қазақстандағы еңбек инспекциясы жүйесінің ратификацияланған ХЕҰ № 81 «Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы» және № 129 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» конвенцияларының талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізіледі.

Еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейтуге, сондай-ақ қызметкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілік шараларының тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылатын болады. Сонымен қатар, №176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» конвенцияны ратификациялау бойынша консультация өткізу жоспарлануда.

Әлеуметтік диалогты нығайту аясында ұжымдық еңбек дауларын шешу туралы заңнаманы жетілдіру, «Әлеуметтік әріптестік туралы» заңын әзірлеу, сондай-ақ № 87 «Бірлесу бостандығы және кәсіподақтарда ұйымдасу құқығын қорғау» конвенциясына сәйкес кәсіподақтар туралы заңнаманы үйлестіру бойынша бірқатар шаралар жоспарланған. Бұдан басқа, жұмыс берушілер ұйымдарының өкілдік критерийлерін айқындау жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.

«Ең төменгі жалақы» индикаторы бойынша №131 «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясына сәйкес Қазақстан заңнамасына талдау жүргізу, кейіннен оны үйлестіру жөнінде ұсыныстар дайындау жоспарланған.

Әлеуметтік қамсыздандыру желісі бойынша Жол картасына қол қоюшылар Әлеуметтік кодекстің №102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» конвенциясымен сәйкестігіне талдау жүргізеді.

Еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен қудалауды жою жөніндегі шараларға қатысты, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың кез келген түрлерінің алдын алуға бағытталған заңнамаға енгізілген өзгерістерге сараптамалық баға беру қарастырылған. Бұдан басқа, №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» конвенциясын ратификациялау туралы мәселе қаралуда.

Қол қою барысында тараптар белгіленген іс-шараларды іске асыру мақсатындағы бірлескен жұмыс қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, еңбек жағдайлары мен еңбек құқықтарының сақталуын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстанның лайықты еңбек қағидаттарына адалдығын құптайды және жол картасында көзделген іс-шараларды іске асыруда жан-жақты сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуге дайын екендігін білдіреді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы