Кездесуде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастығы мәселелерін ҚРКФ төрағасының орынбасары Гульнара Жумагельдиева және халықаралық топ жетекшісі Растислав Врбенский бастаған БҰҰ сарапшылар тобы талқылады.
Гүлнар Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясы БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастықты жүзеге асырып, еліміздегі Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанның еңбек саласындағы ахуал, Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестік,халықаралық диалогты дамыту жөніндегі қызметіне және еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
ҚРКФ Төрағасының орынбасары ең төменгі жалақыны арттыру, еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, халықаралық еңбек стандарттарын ескере отырып заңнаманы жетілдіру және т.б. мәселелер бойынша Федерация бастамалары туралы баяндады.
Растислав Врбенский кәсіподақтардың жұмысшылар құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудегі жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ сарапшы еңбек қатынастарының маңызды мәселелерін шешуде Қазақстанның әлеуметтік серіктестері арасындағы диалогтың тиімділігін атап өтті.
Ол БҰҰ елдік командасы Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Негіздемелік бағдарламасының іске асырылуына тәуелсіз бағалау жүргізіп жатқанын хабарлады. Бағдарлама БҰҰ-ның 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі Үкіметпен әріптестігінің мақсаттары мен қағидаттарын айқындайды.
«Бағалау БҰҰ – на мүше елдер үшін жаһандық талап болып бекітілді. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы жұмысы қаншалықты өзекті болғанын, ұлттық басымдықтарға жауап бергенін, сондай-ақ оның тиімділік деңгейі және елдегі тұрақты даму нәтижелеріне әсер етуін бағалауға бағытталған», – деді Растислав Врбенский.
БҰҰ сарапшылары елдің әлеуметтік – экономикалық дамуына кешенді бағалау жүргізу кезінде кәсіподақтардың пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті. Олар барлық айтылған ұсыныстар мұқият талданып, олардың қорытынды баяндамада ескерілетініне сендірді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы