Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы Әл-фараби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында семинар-трениг өтті. Келісім комиссиясы -ұйымдардағы қызметкерлер мен жұмыс беруші арасында туындайтын жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін, сотқа дейінгі бастапқы орган. Комиссия мүшелерінің құрамы жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінен тұрады.
Семинарға аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарынын басшыларымен қызметкерлері қатысты.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі, еңбек заңнамасы бойынша эксперт Майра Боранбаева жиналған қауымға кәсіподақ комитетінің қатысуымен кез келген келіссөздер жүргізу, күрделі мәселелерді, дауларды келіссөз барысында шешу ең ұтымды және тиімді болып табылатынын, кәсіподақ мүшелерінен құрылған келісім комиссиялары жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ келісімге келуіне өлшеусіз көмек көрсететінін баяндады.
Өтініш беруші келісу комиссиясында еңбек дауы шешілмеген және комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, ол сотқа жүгінуге құқылы екенін айтты.
Қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын, еңбек дауларының себептерін және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал туғызудағы, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтудағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін қорғау туралы жан-жақты айтылды.
Теориялық бөлімнен кейін семинар «сұрақ-жауап» форматында жалғасты. Семинарға қатысушылар көкейіндегі сауалдарына нақты жауап ала алды.
Іс-шара соңында қатысушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар табысталды.