Биыл Орталық «Qamqor» кәсіподақ бастауыш ұйымына он жыл толып отыр. Кәсіби мереке қарсаңында АМО-ның 140 қызметкері марапатталды. 50 салалық медаль, 35 арнайы статуэтка үздеп танылған ақ халаттыларға табысталды. Бірқатар қызметкер облыс және қала әкімі атынан, «Qamqor» кәсіподақ ұйымы, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.
Ақтөбе медициналық орталығы – өңірдегі ең ірі емдеу-диагностикалық мекемесінде трансплантология, қан тамырлары хирургиясы, эндокринология, урология, оториноларингология, гастроэнтерология, ревматология, аллергология сияқты 28 профиль бойынша мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі.
Орталықтағы стационарда 400 керует бар. Акушерлік-гинекологиялық бөлімше, инсульт орталығы, интервенциялық кардиология бөлімшесі жұмыс істейді. 2014 жылы аурухана базасында академик Ж.Досқалиевтің басшылығымен алғашқы бүйрек трансплантациясы сәтті жүргізілді. 10 жыл ішінде 87 трансплантация операциясы жасалды, оның 78-і – донорлық.
Екі рет ұлттық аккредиттеуден өткен мекеме 2021 жылы Қазақстанда алғаш болып өңірлік деңгейдегі жоғары санатты сертификатты иеленді.