Орал қаласында көктемгі су тасқыны салдарынан су басқан баспананың орнына «Батыс су арнасы» ЖШС қызметкері Самиғолла Бекетовтың отбасы жаңа пәтерге ордер алды.
Тұрғын үй мәселесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинмен Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде кездесуінен кейін шешімін тапты.
Естеріңізге сала кетейік, саяжайда орналасқан Бекетовтар отбасының жалғыз тұрғын үйі су тасқыны кезінде су астында қалған. Шаңырағы мен мүлкінен айырылған ол жұбайымен және екі баласымен бір айдан астам уақытта эвакуациялық пунктте тұруға мәжбүр болған.
Сонымен қатар, қызметкердің айтуынша, тұрғын үй мен мүлікке келтірілген залалды анықтау жөніндегі арнайы комиссия барлық қолда бар негіздерге қарамастан, оны жалпы тізімге енгізбеген. Қалыптасқан жағдайдың салдарынан Самиғолла Бекетов үйді қалпына келтіруді және шығынның орнын толтыруды талап ете алмады.
Отбасындағы жалғыз асыраушы Самиғолла Бекетов болғандықтан, тұрғын үйді жалға алуға материалдық мүмкіндігі болмаған. Әйелі ауыр дертке шалдыққан, қазіргі уақытта жұмысқа жарамсыз.
Әділдік іздеп, Батыс Қазақстан облысының зардап шеккендерімен кәсіподақ кездесуі барысында ол ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге оның жағдайын шешуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді.
ҚРКФ басшысы мәселені жеке бақылауға алып, Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Айгүл Есекеноваға Бекетовтардың тұрғын үйіне келтірілген залалды бағалау мәселесін шешуге көмек көрсетуді тапсырды.
Кәсіподақтардың әлеуметтік серіктестермен жедел жұмысы мен диалогының арқасында зардап шеккен отбасы жаңа жайлы пәтермен қамтамасыз етілді.
Самиғолла Бекетов Кәсіподақтар федерациясының Төрағасына жанұясының мәселесін жедел шешіп, жанашырлық танытқаны үшін шынайы алғысын білдірді.
«Біз үшін қиын кезеңде көмек көрсеткен Кәсіподақтар федерациясының төрағасына және кәсіподақ орталығының ұжымына алғысымыз шексіз. Кәсіподақ қолдауының арқасында жаңа баспанаға қол жеткіздік. Енді міне, шаңырағымызда бала-шағамызмен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қарапайым еңбеккерлерге көрсетіп жатқан қамқорлықтарыңыз әділеттіліктің барына сенім ұялатады. Мен осындай үлкен ұйымның, кәсіподақ отбасының мүшесі екенімді мақтан тұтамын және осындай қиын жағдайда жалғыз қалмағанымызға ризамын», – деп алғысын білдірді Самиғолла Бекетов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда су тасқыны салдарынан төтенше жағдайдың алғашқы күннен бастап Кәсіподақтар федерациясы мен оның еншілес құрылымдары ортақ апаттың төңірегінде топтасып, жерлестеріне жан-жақты көмек көрсетті. Кәсіподақтар еліміздің зардап шеккен бес аймағын қолдауға барлығы 225 миллион теңгеге жуық материалдық көмек, сондай-ақ 14 миллион теңгеге жуық гуманитарлық көмек аударды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы