Қазақстан мен Германияның әлеуметтік серіктестері ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Парыз» жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының өкілдерімен және BWMV институтының (Мекленбург-Алдыңғы Померания федералды штатының жұмыс берушілер федерациясы) өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы әлеуметтік диалогтың ағымдағы жай-күйін, алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарын және Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы басқа да өзекті мәселелерін талқылады.

ҚРКФ-ның Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік серіктестер мен шетелдік әріптестерді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қызметі, құрылымы, мақсаттары мен басымдықтарымен таныстырды.

«Қазақстанда 3 республикалық кәсіподақ бірлестігі бар. Кәсіподақтар федерациясы 23 салалық, 17 аумақтық бірлестікке және 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымына біріктірілген 1,7 миллионнан астам жұмысшыны құрайтын елдегі ең ірі қоғамдық ұйым болып табылады. Федерация жұмысы 2020-2025 жылдарға арналған қызмет стратегиясы аясында жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз әрқашан айқын. Біз әлеуметтік әділеттілік, барлық жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, табысты әділ бөлу, сондай-ақ халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу, оның ішінде ХЕҰ конвенцияларын ілгерілету мәселелерін алға тартамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, бүгінде Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен және шетелдік ұлттық кәсіподақ орталықтарымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.

«Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясы аясында еліміздің әлеуметтік серіктестері мен Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстанда лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі Жол картасына қол қойды. Жол картасы әлеуметтік серіктестіктің барлық тараптарының бастамасы бойынша Халықаралық еңбек ұйымының техникалық қолдауымен қабылданды. Ол еңбек саласының қазіргі бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды көрсетеді. Қазіргі уақытта біз лайықты еңбектің елдік бағдарламасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Өз кезегінде BWMV институтының директоры Сузан Бах Германия делегациясының Қазақстанға сапарының мақсаты туралы айта отырып, бірлескен жобаны іске асыру шеңберінде «Paryz» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясымен алдағы ынтымақтастығы туралы хабарлады.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Германия жұмыс берушілерінің ұйымдары федералды үкімет қаржыландыратын бірлескен жоба аясында 3 жыл бойы белсенді ынтымақтастықты жүзеге асырып келеді.

Жобаның сыртқы аудиторы Штефан Байер Қазақстандағы әлеуметтік диалог туралы пікір алмасуды ұсынды, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің басым бағыттары бойынша Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы жайлы сауалдарын қойды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин  шетелдік сарапшылардың сауалдарына жауап бере отырып,  әлеуметтік әріптестік тараптары ағымдағы жылдың наурыз айында қол қойылған 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісім негізінде әрекет ететінін түсіндірді. Салалар мен аймақтар деңгейінде әлеуметтік әріптестік салалық және өңірлік келісімдермен реттеледі, Қазақстанда жергілікті деңгейде 150 мыңнан астам ұжымдық шарт жасалған.

Жұмыс берушілермен өзара іс-қимылға қатысты Сатыбалды Дәулеталин жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастық жүйелі әрі сындарлы сипатқа айналып жатқанын атап өтті.

«Еңбек нарығындағы тұрақтылықты және жұмысшылардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуде кәсіподақтар, жұмыс берушілер және мемлекет арасындағы диалог маңызды. Елімізде жұмыс берушілер бірлестігінің болмауы әлеуметтік әріптестікті дамытудағы өзекті мәселелердің бірі болды. Кәсіподақтар үкімет алдында жұмыс берушілердің республикалық өкілдігінің жоқтығы мәселесін бірнеше рет көтерді. Бұл мәселе тиімді үшжақты қатынастар жүйесін құруға кедергі келтірді. Үшжақты серіктестіктің маңыздылығын ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясы «Парыз» жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясына консультативтік қолдау көрсетті. Енді әлеуметтік әріптестіктің барлық аспектілері толық жұмыс істейді деп сенеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұл ретте Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Жаңа қоғамдық келісімшартты жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдан астам уақыт бойы бір қоғамдық келісімшарт жұмыс жасады. Бұл келісімшартта қызметкер жұмыс орнында қалу үшін, жалақысын алу үшін жұмыс беруші тарапынан белгіл бір құқықтарының бұзылуына көз жұмуға мәжбүр болған. Жаңа заман жаңа талаптарды қажет етеді. Бүгінде халықаралық қауымдастық жаһандық деңгейде Жаңа әлеуметтік келісімшартты қабылдауда», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы елімізде кәсіподақтардың бастамасымен қабылданған әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бойынша кейбір шаралар туралы баяндады.

«2022 жылы біз мемлекеттің маңызды шешімдер қабылдауына ықпал ете алдық – Қазақстанда халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды, ең төменгі жалақы өсті, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесі әзірленді, өтемақы төлеуден еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тәуекелге бағытталған моделіне көшуді көздейтін 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Ол сондай-ақ әлеуметтік әріптестік шеңберінде Кәсіподақтар федерациясы жалақыны заңнамалық деңгейде индекстеу мәселелерін бекіту, трансұлттық компанияларға қатысты әділ саясатты әзірлеу, сондай-ақ жұмыс берушінің еңбекақы төлеу бөлігінде қабылдайтын шешімдеріне жұмыскерлердің әсер ету тетіктерін құру жөніндегі бастамаларды ілгерілетуді жалғастыратынын атап өтті.

Сонымен бірге, ол Қазақстанның кәсіподақтары Германиядағы кәсіподақтардың кәсіпорынды басқаруға қызметкерлер өкілдерінің қатысуы, сондай-ақ еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу мәселелері бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Ол жоба аясында Қазақстандағы кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында Германиядағы әлеуметтік әріптестік тараптарымен тәжірибе алмасуды ұйымдастыруды ұсынды.

Өз шешімін қажет ететін мәселелердің қатарында Сатыбалды Дәулеталин еңбек жанжалдарының алдын алу саласында жұмыс берушілердің ұстанымын күшейту қажеттігін де айтты.

Ол жұмысшылар мен жұмыс берушілер өкілдерін жанжалдардың алдын алу және ұжымдық келіссөздер жүргізу мәселелеріне оқыту бойынша бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды.

Германиядан келген сарапшылар Кәсіподақтар федерациясының тәжірибе алмасуды ұйымдастыру жөніндегі бастамаларын құптап, Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы