«Астана Тазалық» ЖШС-де кәсіподақ ұйымының есеп беру-сайлау конференциясы өтті

Бүгін «Астана Тазалық» ЖШС-де жергілікті кәсіподақ ұйымының маңызды есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Іс-шарада кәсіподақтың кезеңдік жұмысы қорытындыланды.

Жиынға Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, Тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Астана филиалының төрағасы Тілеулес Мадьярова және «Астана Тазалық» ЖШС-нің бас директоры Замир Сағынов қатысты.

«Астана Тазалық» ЖШС жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақыт Әлімжанова кәсіподақ ұйымының соңғы бес жылдағы атқарылған жұмысы, соның ішінде компания басшылығымен жалақыны арттыру және қызметкерлер үшін еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі табысты келіссөздерді атап өтті.

Есеп барысында кәсіподақ жүзеге асыратын әлеуметтік бағдарламаларға назар аударылды. Жұмысшылардың демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыру, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды өткізу жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайдағы қызметкерлерді қолдау, оның ішінде қаржылық көмек пен кеңес беру бағдарламалары айтылды.

Күн тәртібіндегі басты мәселе кәсіподақ ұйымының төрағасын сайлау болды. Ұйымның жетекшілігіне кандидаттар таңдалды. Үміткер ретінде өзін тәжірибелі және тиімді көшбасшы ретінде танытқан Бақыт Әлімжановамен қатар кадр бөлімінің басшысы Сымбат Какимова ұсынылды.

Конференция делегаттарының ашық дауыс беру қорытындысымен жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағалығына Бақыт Әлімжанова қайта сайланды. Сонымен қатар, кәсіподақ комитетінің және тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды. Барлық кандидатуралар бірауыздан мақұлданды.

Конференция соңында қатысушылар Бақыт Ешкеноваға кәсіподақ ұйымы қызметіндегі белсенді жұмысы және қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуда кәсіподақ ұйымының одан әрі дамуына және табысты жұмыс істеуіне сенім білдірді.