Құқықтық сауаттылықты арттыру – кәсіподақтардың басты назарында

Абай облысы кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен 21 маусым күні облыстың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен жұмысберушілерге онлайн режимінде «Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиялары» тақырыбында лекция- семинар өткізілді.

Семинардың модераторы Абай облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Зауреш Исабаева өз сөзінде: «Кәсіподақтардың құқық қорғау қызметі ең алдымен кәсіпорындар мен ұйымдардың келісім комиссияларының жұмысы шеңберінде құрылады. Қазақстан Республикасының «Кәсіподақтар туралы» Заңында кәсіподақтардың негізгі қызметі – кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу тәртібіне белсенді қатысу, еңбек жанжалдарының алдын алу, медиация рәсімдерін қолдану арқылы консенсусқа қол жеткізу болып табылады делінген. Сондықтан біз бүгін келісу комиссиясының жұмысы бойынша семинар өткізіп отырмыз», – деп атап өтті.


Семинардың спикерлері – облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Ержан Разбеков пен «Қазақстандық салалық медицина қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалының заңгері Шамиль Магамаев келісу комиссиясының жұмысына тоқталып, семинарға қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауап берді. Семинар жұмысы барысында тақырыптық слайдтар көрсетілді. Семинарға облыстық кәсіподақтар орталығы жұмысын үйлестіріп отырған 9 салалық филиал мен 8 жергілікті кәсіподақтан 85 адам қатысты.


Семинар соңында қатысушылар осындай мазмұнды, жұмыс барысында қажетті ақпарат алғандарына ризашылықтарын білдіре отырып, алдағы уақытта келісу комиссия мүшелері үшін оқыту семинары өткізілсе деген тілектерін білдірді.