Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің спартакиадасы мәресіне жетті

Қызылордада «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен ұйымдастырған сала қызметкерлерінің 56-шы спартакиадасы мәресіне жетті. Кәсіби мерекеге орай қорытындыланған спорт додасы Қызылорда облысының медицина саласының ардагерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасында ұзақ жылдар бойы бас хирургі қызметін атқарған Сағымбай Құлсартов пен бас терапевт қызметін атқарған Әділ Ізтілеуовтың атына арналды.

Спартакиадада спорттың 8 түрінен сала қызметкерлері бақ сынасты. Жалпы командалық бөліністе ойындардан Қызылорда медициналық колледжі 1-ші орынды, Өркениет медициналық колледжі 2-ші орынды және Облыстық психикалық денсаулық орталығы жүлделі 3-ші орынды иеленді.

Спорттық жарыстың жабылу салтанатына Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Олжас Искаков, Медицина саласының ардагерлер төрайымы Раиса Кузденова, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Сәулебек Ысқақов, медицина саласының және кәсіподақтардың ардагерлері, сонымен қатар емдеу мекемелерінің басшылары қатысты.

Жарыс жеңімпаздары мен қатысушыларға кәсіподақтардың арнайы сыйлық қорынан дипломдар мен қаржылай сертификаттар табысталды.