Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен ҚРКФ Бас кеңесінің отырысы өтті. Оның барысында ҚРКФ қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған «Әділдік пен дамуға бірлікте» стратегиясын іске асырудың ағымдағы нәтижелері қаралды.
Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің мүшелері стратегияны іске асыруда, оның ішінде қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және нығайту, сондай-ақ еңбек жағдайын жақсарту саласындағы қол жеткізілген ілгерілеуді талқылап, талдау жасады.
«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов өз саласында ҚРКФ Стратегиясын жүзеге асыру барысы туралы ақпаратпен бөлісті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Қызмет» кәсіподағының мүшелерінің саны 97 016 адамды құраса, жыл соңына дейін салалық кәсіподақ мүшелерін 100 мыңнан астам адамға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мирболат Жақыпов әлеуметтік әріптестік саласындағы жетістіктерге тоқтала отырып, 2022 жылдың наурыз айында «Қызмет» салалық кәсіподағы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасында 2022-2024 жылдарға арналған Салалық келісімге қол қойылғанын айтты. 2022 жылдан бері салада 969 келісім жасалды, оның 69-ы – облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі өңірлік салалық келісімдер.
«Салалық келісімдер – еңбек жағдайын, жалақы және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттарға қол қоюдың бастапқы нүктесі, алғышарты. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы бойынша салалық кәсіподақ филиалы ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұрағат қызметкерлеріне 25 пайыздық үстемеақыға қол жеткізді», – деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы.
Кәсіподақ ұйымының елеулі жетістіктерінің қатарында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне үстемеақылардың 15-тен 60%-ға дейін ұлғаюы, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысының көтерілуі аталды.
Сонымен қатар, спикер атап өткендей, былтыр Дүниежүзілік банк сарапшыларымен мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін реформалау мәселелері бойынша салалық кәсіподақ бірқатар түйткілді мәселелерді, оның ішінде негізгі лауазымдық жалақыны жоюға қатысты және жалақыны есептеу кезінде ең төменгі жалақыны пайдалану, ең төменгі жалақыны ХЕҰ стандартына дейін ұлғайту, медициналық-әлеуметтік мекемелердің дәрігерлері мен мұғалімдерін денсаулық сақтау және білім министрліктерінің дәрігерлері мен мұғалімдері мәртебесіне теңестіру және т.б. мәселелерді көтерген болатын.
Салалық кәсіподақ кәсіподақ мүшелерін арттыруға үлкен көңіл бөледі, кәсіподақтық 5-тен 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен түрлі қызметтерді көрсетуді көздейтін «Кәсіподақ серіктесі» жобасын бірқатар өңірлерде сәтті жүзеге асыруда.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Керім Пірімқұлұлы өз
қызметінің нәтижелерін таныстыра отырып, бүгінгі таңда кәсіптік ұйымның күш-жігері мынадай стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталғанын айтты: еңбекақының лайықты деңгейін қамтамасыз ету, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әлеуметтік–еңбек жанжалдарының алдын алу.
«Бүгінгі таңда мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібі бойынша 2023-2025 жылдарға және химия өнеркәсібінде 2024 жылға арналған екі салалық келісімге қол қойылды. Биылғы жылдың соңына дейін экономика салаларындағы ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесін ескере отырып, химия өнеркәсібінде Салалық келісім жасау жұмыстары жалғасады», – деді Керім Пірімқұлұлы.
Әлеуметтік әріптестік аясындағы салалық кәсіподақ жұмысының маңызды нәтижесі мұнай-химия өнеркәсібі қызметкерлері үшін ең төменгі бірінші разрядтың ең төменгі тарифін 30% – ға, сондай-ақ химия саласының қызметкерлері үшін 21% – ға арттыру болды.
Сонымен қатар, салалық кәсіподақ жылдық инфляция деңгейіне сүйене отырып, сала қызметкерлерінің жалақысын индекстеуді бекітуге, сондай-ақ ҚР заңнамасынан тыс қосымша әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуге қол жеткізді.
Еңбекшілердің әл-ауқатын арттыру аясында ХЕҰ-ның № 102 «Ең төменгі әлеуметтік стандарттарды белгілеу туралы», № 131 «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы», № 154 «Ұжымдық келіссөздерді ынталандыру» конвенцияларын ратификациялау үдерісін жеделдету маңыздылығын атап өтті.
Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов елорданың әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалы туралы хабардар етті. Оның айтуынша, елордадағы кәсіподақ мүшелерінің саны 107 мың адамды құрайды. Астана қаласында салалық кәсіподақтардың 10 қалалық құрылымдары, 520 бастауыш ұйымы қызмет жасайды.
Әлеуметтік әріптестік аясындағы жұмыс туралы айта келе, ол ағымдағы жылдың сәуір айында 2024-2026 жылдарға арналған қалалық келісімге қол қойылғанын хабарлады. Кәсіподақтар жұмыс істейтін қала кәсіпорындарында ұжымдық–шарттық реттеумен қамту 96 пайызды құрайды.
Ол сондай-ақ қала кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне назар аударды.
«2023 жылы 60 өндірістік жарақат жағдайы тіркелді, оның ішінде 43 қызметкер ауыр жарақат алды, 17 адам қайтыс болды. 2024 жылдың I-ші жартыжылдығында 23 оқиға, соның ішінде 9 өлім, 15 ауыр жарақат тіркелді. 56 жағдайда жазатайым оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссия 100% жұмыс берушілердің кінәсін анықтады. Айта кету керек, адам өліміне байланысты жазатайым оқиғалар орын алған нысандарда кәсіподақ ұйымдары жоқ», – деді Төлеген Күнәділов.
Елорда кәсіподақтарының жұмысындағы маңызды жаңалық Кәсіподақтар орталығының сенім телефоны Ведомствоаралық бірыңғай ахуалдық орталығының (i-komek) мәлімет тарату тізіміне енгізілді.
Бүгінде Астанада еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi 1125 өндiрiстiк кеңес жұмыс iстейдi, онда 1453 техникалық инспектор өз қызметiн жүзеге асырады. Қазіргі сәтте 38 кәсіпорын Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының «VizionZero» бағдарламасын жүзеге асырып, шамамен 17 027 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша жұмыстарға қатысты Төлеген Күнәділов әлеуметтік серіктестер жүйелі негізде әлеуметтік шиеленістерді талдап, еңбек жанжалдарының тәуекел картасын талқылайтынын атап өтті.
«2023 жылы Астанада 2 ұжымдық еңбек дауы тіркелді. Кәсіподақ орталығының келіссөздеріне қатысуы нәтижесінде мәселе жұмысшылардың пайдасына шешілді. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасына сәйкес қауіпсіздік ережелерін сақтауын және жұмысшылардың еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылды», – деді спикер.
Сонымен қатар Кәсіподақ орталығы еңбекке қатысты кеңестер өткізу тәжірибесін белсенді түрде енгізуде, соның арқасында елорданың бірқатар еңбек ұжымдарында еңбек даулары мен наразылықтардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Гендерлік саясатты жүзеге асыруда айтарлықтай нәтижелер атап өтілді. Әйелдердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ұжымдық шарттармен жұмыс істейтін әйелдерге қосымша жеңілдіктер мен өтемақылар бекітілді. Сонымен қатар, Кәсіподақтар орталығының ұсынысы бойынша Кәсіподақтар федерациясы қалалық мәслихатпен бірлесіп, әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайту және мұқтаж азаматтарды, оның ішінде жұмыс істейтін әйелдерді (көп балалы) көбірек қамту мәселесін шеше алды.
Бас кеңес мүшелері ағымдағы жағдаймен және кәсіподақ ұйымдарының жұмыс нәтижелерімен таныса отырып, ҚРКФ 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясын іске асыру шеңберінде қабылданған шараларды мақұлдады, сондай-ақ барлық басым бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынды.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин отырысты қорытындылай келе, мүше ұйымдардың кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы қызметінің нәтижелерін жоғары бағалап, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде кәсіподақтардың бірлігінің маңыздылығын атап өтті.
Ол ынтымақ қағидаттарына сүйене отырып, кәсіподақтардың жұмысшылардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпалы зор екенін айтты.
«Соңғы жылдары ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек саласының өзекті мәселелерін бірнеше рет көтерді: ең төменгі жалақы мөлшерін жүйелі түрде арттыру, ЕТЖ қалыптастыру әдістемесін әзірлеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, әділ еңбек қатынастары және еңбек адамына әділ көзқарас. Бүгінгі таңда кәсіподақтардың бастамасымен соңғы 4 жылда ең төменгі жалақы екі есеге – 42500 теңгеден 85 мың теңгеге дейін өскенін сеніммен айта аламыз. Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы жүзеге асырылды. Елімізде алғаш рет Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Қауіпсіз жұмыс тұжырымдамасының қабылдануымен біз Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің өтемақы моделінен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тәуекелге негізделген модельге көштік», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Бұл ретте ол мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін жергілікті атқарушы органдардан бөлек басқарма – Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитетке беру туралы шешім қабылданғанын еске салды.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, кәсіподақтың бұл бастамасы ел кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуге бағытталған «Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы» ХЕҰ-ның №81 конвенциясын жүзеге асырудағы маңызды қадам болып табылады.
«Кәсіподақтар федерациясының белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде әлеуметтік серіктестер Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасын қабылдау бойынша шаралар қабылдауда», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Айта кетейік, бұл мәселе Ұлттық құрылтай отырысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастамасымен көтеріліп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен консультативтік-кеңесші органның іс-шаралар жоспарына енгізілген болатын.
ҚРКФ Төрағасы сондай-ақ әріптестерін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы қатысқан ХЕҰ Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясының маңызды нәтижелері туралы хабардар етті.
Сапардың маңызды тұстарының қатарында ҚРКФ басшысы ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбомен келіссөздер жүргізілгенін атап өтті, оның барысында Федерация басшылығының шақыруымен халықаралық ұйым басшысының Қазақстанға сапары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Оның айтуынша, жұмыс сапарының маңызды сәті еліміздің әлеуметтік серіктестері мен Халықаралық еңбек ұйымы арасында Қазақстанда лайықты еңбекті ынталандыру жол картасына қол қою болды.
Әлеуметтік тұрақтылықты, оның ішінде шетелдік кәсіпорындарда қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, ҚРКФ басшысы Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясы (ACFTU) төрағасының орынбасары Вэй Дичуньмен келіссөздердің қорытындылары туралы хабарлады. Оның айтуынша, Қытайдан келген әріптестер Қазақстанға келуге және кәсіподақ ұйымдары мен қазақстандық–қытайлық кәсіпорындардың жұмыс берушілерінің әлеуметтік әріптестік тәжірибесімен танысуға шақыруды қабылдады.
Соңында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне Кәсіподақтар Федерациясы кәсіподақ мүшелерінің мүддесі үшін әлеуметтік серіктестермен халықаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратынына сендірді және әріптестерін кәсіподақ бірлігін нығайтуға және аталған барлық міндеттерді табандылықпен шешуге шақырды.
Сондай-ақ күн тәртібі аясында Бас кеңес мүшелері Активтерді басқару дирекциясының 2023 жылға атқарған жұмыстары туралы есебін, сондай-ақ «Халық бюджеті» кәсіподақ жобасын одан әрі жетілдіру шараларын бекітті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы