Спартакиада мықтыларды анықтады

 «Senім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған спартакиадасы мәреге жетті.
   
«Мұнайшы» спорт кешенінде өткен «Денсаулық сақшылары-салауатты өмірді қолдайды» атты бұл дәстүрлі сайысқа ерлер арасында кіші аяқ добы мен аралас командада волейболдан барлығы 40 команда қатысқан болатын.
Күнделікті күйбің тірліктен бір уақыт арылып, спрот кешеніне келген адам жанының арашашылары төрт күндік тартысқа толы бәсекелерде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, шеберліктерін шыңдай түсуге қадам жасады.
Спартакиаданың жабылу салтанатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Исләмқызы мен салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Майра Кашкенова сөйлеп, қатысушы командарларға ризашылықтарын білдіріп, адам жанына араша түсуші әріптестеріне зор денсаулық, еңбектеріне табыстар мен сәттіліктер тіледі.
Ерлер арасында өткен кіші аяқ доп бәсекесінде №5 Атырау қалалық емханасының командасы жеңімпаз атанды. 2-3 орындарды облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасы мен облыстық балалар ауруханасының жігіттері иеленді.
Аралас командада волейболдан облыстық аурухана командасының мерейі үстем болды. Ал екінші жүлде №7 Атырау қалалық емханасына, үшінші орын облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына бұйырды.
Волейболшылар бәсекесінде Құрманғазы аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Назгүл Үсен – «Үздік байланыстырушы», медициналық жедел-жәрдем станциясының фельдшері Баян Амантай – «Үздік қорғаушы», облыстық аурухана қызметкері Мерей Каримов – «Үздік ойыншы» жүлдесіне ие болды.
Сондай-ақ, кіші аяқ доптан аталымдар бойынша үздік деп танылған медициналық жедел-жәрдем станциясының фельдшері Әндір Шыңғысханға, облыстық балалар ауруханасының дәрігері Ерлан Дабысовқа, №5 Атырау қалалық емханасының қызметкері Әділхан Балтабаевқа арнайы жүлделер табысталды.