ҚРКФ және шетелдік ұлттық кәсіптік орталықтар климаттың өзгеруі саласындағы зерттеулерді таныстырды

Алматыда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Кәсіподақтардың климаттың өзгеруіне қатысты әрекеттері» атты халықаралық конференция өз жұмысын жалғастыруда.

Екі күн бойы конференцияға қатысушылар аймақтағы еңбек нарығының дамуына климаттық өзгерістердің әсер ету мәселелерін қарастырды, тұрақты климаттық өзгерістерге «әділ көшу» бойынша кәсіподақтар мен әлеуметтік серіктестердің іс-әрекеттерін талқылады.

Конференция модераторы, ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі Сергеюс Гловацкас атап өткендей, конференцияның мақсаты сарапшылардың зерттеулерін қарастыру, сондай-ақ өзекті мәселелерді талқылау және кәсіподақ ұйымдары тарапынан жұмысшыларға және жалпы еңбек нарықтарына климаттың әсерін азайту бойынша бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу болып табылады.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнара Жумагельдиева кәсіподақтардың қызметкерлердің мүдделерін, оның ішінде климаттың өзгеруі жағдайында қамтамасыз ету мәселелеріндегі ерекше рөлін атап өтті.

«Кәсіподақтар жұмыскерлердің мүдделерін қорғау, өндірісте экологиялық тұрақтылық саясатын әзірлеу және енгізу, экологиялық нормалардың сақталуын бақылау, еңбек ұжымдары арасында экологиялық қауіпсіздік және ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша оқыту және ақпараттық жұмыс бойынша реформаларды ілгерілете отырып, климаттың өзгеруі жағдайында шешуші рөл атқаруы тиіс», – деді Гүлнара Жумагельдиева.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан кәсіподақтарының климаттың өзгеруі және әділ көшудегі іс-қимыл стратегиясын айқындау» тақырыбындағы зерттеуін конференция қатысушыларына ҚРКФ әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу және шешу мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Марат Имаш ұсынды.

Зерттеуде климаттың өзгеруінің еңбек нарығына әсері және әлеуметтік серіктестер қабылдап жатқан шаралар талданды, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуына қоршаған ортаның кері әсерін барынша азайту бойынша кәсіподақтардың алдағы іс-әрекеті бойынша ұсыныстар көрсетіледі.

«Қазақстан бойынша әрбір онжылдық бұрынғыға қарағанда жылы болды; ауа температурасының орташа жылдық өсуі әрбір он жыл сайын 0,34°С құрайды. ХХІ ғасырда ел аумағындағы климаттың өзгеру процесі тек күшейе түседі, орташа жылдық температура 2030 жылға қарай 1-2°С және 2050 жылға қарай 2-3°С-ге артады. 2030 жылға қарай жайылымның өткізу қабілеті 10%-ға төмендейді, 2040 жылға қарай су тапшылығы сұраныстың 50%-ын құрайды, 2100 жылға қарай қазіргі мұздық массасының 50%-дан астамы жойылады. Алдағы онжылдықтарда жаһандық жылынуға байланысты Қазақстанның негізгі өзендерінің су ресурстары су тапшылығына байланысты 20-40%-ға, ЖІӨ 2050 жылға қарай 6%-ға төмендеуі мүмкін; 2029 жылға дейін өзен ағыны көршілес елдерден келетін ағынның 9,7%-ға азаюы есебінен 2,8%-ға төмендеуі мүмкін, оның жартысынан көбі Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық ағынның есебінен қалыптасады», – деп атап өтті қазақстандық сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі көмірқышқыл газын ең көп тұтынатын елдердің бірі болып табылады, энергетика саласы парниктік газдар шығарындыларының 82,4% негізгі көзі болып табылады. Осылайша, Климаттың өзгеруінің тиімділігі индексінде (CCPI) Қазақстан 1 сатыға, яғни 67 позицияның 60-орынына көтерілсе де, 2024 жылғы рейтингте ең төменгі көрсеткіштерге ие елдердің қатарында қалды. Экологиялық тиімділік рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 93-ші орында. IQAir жаһандық ауа сапасын бақылау платформасының рейтингінде Қазақстан әлемнің ең ластанған ТОП 50 елдері мен аймақтарының қатарына еніп, 134 елдің ішінде 40-орынға ие болды.

Марат Имаш кәсіподақтар мен олардың әлеуметтік серіктестеріне ұсыныстар ретінде экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатты бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімдер жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ҚРКФ экологиялық бағдарланған макроэкономикалық және салалық саясатты жүзеге асыруда ақпарат пен озық тәжірибе алмасуды, сондай-ақ саяси шешімдерді қабылдау үшін әлеуметтік-экономикалық және жұмыспен қамтуды бағалау нәтижелерін талқылау мен талдауды ынталандырады.

Қажеттіліктерге, мүмкіндіктерге және тұрақты даму тәсілдеріне бағытталған климаттық қаржыландыру тетіктерін дамытудың маңыздылығы да атап өтілді. Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруі және елдердің инновациялық дамуы саласындағы негізгі адам құқықтарын қамтамасыз етудің кілті технологиялық ынтымақтастықты орнату және климаттың өзгеруі саласындағы сарапшылардың әлеуетін күшейту, технологиялық шешімдер мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандарды даярлау болып табылады.

Конференция шеңберінде кәсіподақтардың климаттың өзгеруі және әділ көшудегі с-қимыл стратегиясын айқындау жөніндегі зерттеулерді Әзербайжан мен Өзбекстан өкілдері де таныстырды, олар өз елдерінің кәсіподақтарының климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі қызметі туралы хабардар етті.

Конференция жұмысы еңбек нарығындағы климат өзгеруінің кері әсерін барынша азайтуға бағытталған ұсынымдар әзірлеумен жалғасты. Ұлттық кәсіптік орталықтардың өкілдері ұсынған барлық шаралар әлеуметтік серіктестер мен Халықаралық ұйымдарға арналған ұсыныстардың негізі болмақ.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы