Мұғалімдер салауатты өмір салтын ұстануда

Ақмола облысында Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында ХVІІI облыстық “Ұстаз-2024” спартакиадасы басталды. 2024 жылдың 26 маусымында Зеренді ауданы Шағалалы ауылының жоғары агротехникалық колледжінде спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті.


Спартакиаданы өткізудің мақсаты-салауатты өмір салтын насихаттау және білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында үздік спортшыларды анықтау.


Спорттық жарыстар әлеуметтік серіктестік аясында Ақмола облысының білім басқармасы мен білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен өткізіледі. Спартакиада туын көтеру өткен жылғы спартакиада жеңімпазы Көкшетау қаласының Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің командасына бұйырды, туды колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы мен колледж ұстазы Ә.З.Заманбекова көтерді. Алау жағу рәсімін Көкшетау қаласының құрылыс техникалық колледжінің ұстазы – А.Ю.Малькова-Солопова, Щучинск қаласының Жоғары педагогикалық колледжінің ұстазы А.В.Виговский, Жоғары көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжінің ұстазы – Е.Б.Мамрин, Шағалалы ауылы ЖАТК ұстазы – С.С.Ашжанов, Щучинск қаласының Жоғары техникалық колледжінің қызметкері О.С. Капитанова жалғастырды.


Спартакиаданың ашылу салтанатында Ақмола облысы білім басқармасының басшысының орынбасары В.Г.Гамазов, Ақмола облысы білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Б. Әбдірахманов қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі, қатысушылардың денсаулығы үшін, сондай-ақ салауатты рух пен жалпы ұжымдағы бірлік үшін осындай ауқымды іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті.


Облыстық спартакиаданың спорттық жарыстарына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 20 командасынан 350-ге жуық қызметкері қатысады.