Теміржолшылар еңбек заңнамасы бойынша оқудан өтті

Қызылордада темір жол саласы мекемелерінің келісу комиссиялары мүшелері еңбек заңнамасын қолдану бойынша оқудан өтті. Семинарға Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалына қарасты ұйымдардағы кәсіподақ белсенділері мен жұмыс беруші өкілдері қатысты.

Семинар-оқытуды аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов алғысөзбен ашып, кәсіподақтық оқытулардың ұйымдастырылу мақсаттары мен еңбек ұжымдарында даулардың алдын алудағы кұқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Семинардың негізгі спикері, Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева еңбек заңнамасындағы 2023-2024 жылдардағы өзгерістер мен заң нормаларының қолдану тәжірибелері туралы түсіндірмелер жасады. Қатысушылар еңбек шартының мерзімдері, тәртіптік жазаны қолдану тәртібі, еңбек жағдайы өзгеруін рәсімдеу, мерке, демалыс күндерінің ақысы, еңбек демалысының берілу тәртіптері және басқа да сұрақтар қойып, қызу талқылау жүргізді. Семинар дәріскері еңбек заңнамасының қолдану тәжірибелері, келіссөздер жүргізу дағдылары мен келісу комиссиясы отырыстарының жүргізілуі бойынша нақты мысалдар арқылы заңнамалық түсіндірме берді.