Атырауда әлеуметтік әріптестіктің облыстық үш жақты отырысы өтті

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста комиссия мүшелері аймақтағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Самал Үбіғалиеваның баяндамасын тыңдады.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер компанияларынан қызметкерлердің босатылуы және оларды жұмысқа орналастыру жайы туралы компанияның Күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиев баяндады. Оның айтуынша осы жылдың өткен бес айында 5157 адам жұмыстан шыққан, оның ішінде 2010 адам Атырау облысының үлесіне тиесілі. 1081 адам басқа жұмысқа ауыстырылып, 553 адам өз еркімен және тараптардың келісуімен жұмыстан шыққан. Ал алдағы маусым – тамыз айларындағы болжам бойынша тағы да 3871 жұмысшы босатылмақшы. ТШО компаниясы бұрығыша корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы шеңберінде Атырау облысының жұмыссыз тұрғындарына кәсіптік оқыту бойынша соңғы бес жылда 3108 адамды кәсіптік маманға оқытып, 2 мыңға жуығы жұмысқа орналасты. Биыл 250 адамның кәсіби білімдерін көтеруге жағдай жасалмақшы.

​Үшжақты комиссия отырысында «GPC Investment», «Kazakh Construction Group» ЖШС-інде жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы серіктестік басшылары Жомарт Жасанов пен Мақсат Қадырқұл баяндады.

«Қашаған газды өңдеу зауыты құрылысы» жобасы iлеспе газды жағудың және кері айдаудың орнына оны қайта өңдеудің Ұлттық бағдарламасына енгізілген. Өндіріс орнын 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. Облыс әкімі Серік Шәпкенов аталған компаниялар басшыларына Мақат ауданы Ескене ауылы аумағында орналасқан оның қуаттылығы жылына 1 млрд. текше метр ілеспе мұнай газын өңдеуге мүмкіндік беретін зауыт құрылысына жергілікті адамдарды тартуға басымдық беру керектігін ескертті. Қазір мұнда жұмыс жасайтындардың тек 47 пайызы осы өңірдің азаматтары екен.

Қазір газ өңдеу зауытының құрылыс басында 1123 адам жұмыс жасауда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының нағыз кеңейер тұсы – осы жылдың тамыз-қазан аййларында мердігерлік және қосалқы мердігерлік компаниялар арқылы 1400-ге дейін адамды жұмысқа тарту көзделген екен.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай кәсіпорындар деңгейіндегі әлеуметтік әріптестік жайы туралы баяндады.

«Әлеуметтік әріптестік бағыттарының бірі – ол ұжымдық шарт жасасу, алайда Ұжымдық шартпен қамту процесі әлі ақсап тұр. Облыс бойынша 11082 кәсіпорынның тек 603-інде ғана Ұжымдық шарт рәсімделген, яғни 5 пайызын ғана құрап отыр. Қазіргі қоғамның өзекті және күрделі мәселелерінің қатарында ұжымдық еңбек дауларын шешу», – деген баяндамашы шешімін таппай тұрған екі ұжымдық еңбек дауына СОС Реалит Кәсіби Таңдау тандемінің себептен себепсіз 29 жұмысшыны жұмыстан босатып жібергендігіне тоқталып, пікірін білдірді. Қазір аталған мәселеге орай еңбек инспекциясы арнайы тексеру жүргізуде.

Комиссия мүшелері Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың аудандық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмысы туралы есебін тыңдап, мақұлдады.

​Комиссия отырысын қорытқан өңір басшысы жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін заң шеңберінде қорғау, түрлі жанжалдар мен дау-дамайдың алдын алу, жұмыстан босаған адамдарды жаңа мамандықтарға оқытудың маңыздылығын компания басшыларының қаперіне берді.