Қазақстан мен Жапония кәсіподақтары әлеуметтік – еңбек қатынастарын дамыту шараларын жүргізуде

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Токиоға (Жапония) жұмыс сапарымен барды.

ҚРКФ  Төрағасының жұмыс сапары Жапония кәсіподақтар конфедерациясының (RENGO) шақыруымен Дамушы елдердегі кәсіподақ жетекшілерін оқыту бағдарламасы аясында өтті.

Бұл бағдарламаның мақсаты – Азия, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка және басқа аймақтардағы кәсіподақ жетекшілері арасында тәжірибе алмасу.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, сапардың қарқынды бағдарламасы қазақстандық тарапқа еңбек қатынастары, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау және мемлекеттік жұмыспен қамту саясаты саласындағы Жапонияның озық тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді.

«Бұл тәжірибе алмасу екі елдің кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Жақында Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясы аясында Жапония кәсіподақтар конфедерациясының президенті Томоко Йошиномен кездесу барысында өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде JILAF білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен жобалар шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жапондық әріптестеріміз жүзеге асырып жатқан Бағдарлама кәсіподақ қозғалысының еркін демократиялық принциптерін одан әрі дамытуға және Қазақстанда лайықты еңбек жағдайларын ілгерілетуге ықпал ететініне сенімдіміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кетейік, ҚРКФ Төрағасының сапар бағдарламасы Қазақстан мен Жапонияның ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірқатар маңызды кездесулер мен іс-шараларды қамтиды.

Сатыбалды Дәулеталиннің сапарының бірінші күні JILAF ұйымдастырған дәрістер мен басқа да іс-шараларға қатысумен өтті. Дәрістерде жапон экономикасы, сондай-ақ Жапониядағы жұмысшы қозғалысы мен еңбек қатынастары тақырыптары баяндалды.

Жапония кәсіподақтар конфедерациясының штабпәтерінде әлеуметтікеңбек саласының өзекті мәселелері бойынша пікірталастар өтті. ҚРКФ Төрағасы мен JILAF Бас хатшысы Тошиказу Саито кездесуінде тараптар тәжірибе алмасып, екі елдің кәсіподақ оқытуын дамыту шараларын талқылады.

Бағдарламаның жоспары бойынша келесі бағыт – Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігіне бару болмақ. Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының сапар бағдарламасында министрліктің жұмысымен танысу, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау, еңбекті қорғау және жұмыспен қамту мәселелерін талқылау қарастырылған.

Сапардың маңызды тұстарының бірі – Жапонияның өнімділік орталығына бару болады. Онда Жапонияның өндіріс тиімділігін арттыру, еңбекті ұйымдастырудың заманауи технологиялары мен әдістерін енгізу саласындағы тәжірибесін зерделеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, сапар бағдарламасы Хиросима қаласына баруды қамтиды, онда делегаттар атом бомбасының құрбандарын еске алады және Жапонияның қаланы қалпына келтіру және бейбіт атомды дамыту тәжірибесімен танысады.

Сапар аясында Сатыбалды Дәулеталин жапондық компаниялардың біріне барады, онда жұмысшылармен және кәсіпорын басшылығымен әлеуметтік әріптестік және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу жоспарланған.

Қорытынды шара Hello Work мемлекеттік жұмыспен қамту кеңсесінде өтеді. Айта кетерлігі, мекеме Жапонияда жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде маңызды рөл атқарады.

Анықтама үшін: Жапонияның халықаралық еңбек қоры JILAF 1989 жылы Жапония кәсіподақтар конфедерациясымен (RENGO) тәжірибе алмасу және оқыту семинарларын өткізу және дамушы елдерде салауатты әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу мақсатында құрылған. Қордың қызметін мемлекет қаржыландырады (Жапонияның Еңбек министрлігі).

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы