Ағымдағы жылдың 9 шілдесінде «Астана су арнасы» кәсіпорнының құрылғанына 65 жыл толады. Соған орай кәсіпорын әкімшілігі мен кәсіподақ комитетімен бірлесіп Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында салтанатты жиналыс өткізді.
Салтанатты шарада ерекше көзге түскен қызметкерлердің (135 адам) еңбегі ерекше атап өтіліп, әкімдік пен мәслихаттың Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төсбелгісімен және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қызметкерлерге кәсіпорын атынан “Адал еңбегі үшін” мерейтойлық төсбелгілері табысталды.
«Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» елорда филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова құттықтау сөзінде: «Ұзақ жылдардан бері қалыптасқан біздің ынтымақтастығымыз әлеуметтік әріптестікті дамыту аясындағы сенімді және табысты өзара іс-қимылдың үлгісі екенін айғақтайды. Біз қаланың тұрақтылығы мен жайлылығын абыроймен сақтайтын, қарқынды дамып келе жатқан және болашағы зор ұйыммен жұмыс істегенімізді мақтан тұтамыз.Және қызметкерлердің мүдделері мен құқықтарын қорғап, қолайлы еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде кәсіби еңбектеріңізді бағалаймыз»,-деп атап өтті.
Кәсіпорын елорда инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарды сапалы сумен және инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етуде зор үлесін қосып келеді. Мұнда жұмыс істейтін екі мыңға жуық адамның барлығы кәсіподақ мүшесі болып табылады. Кәсіподақ комитеті ұжымның еңбек, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін шешуді жалғастырып, жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда. Айта кетерлігі, «Астана су арнасы» кәсіпорнының ұжымдық шарты өз талаптары бойынша республиканың коммуналдық қызмет саласы ішіндегі үздіктердің бірі болып саналады.