Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жапонияға жұмыс сапары аясында Жапония кәсіподақтар конфедерациясының (RENGO) Президенті Томоко Йошиномен кездесті.
Қазақстан мен Жапонияның екі ірі кәсіподақ бірлестіктерінің басшылары кәсіподақ қызметінің өзекті бағыттары бойынша іс-қимылды дамыту бағыттарын талқылады.
Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі бейбітшілік қозғалыс екендігі атап өтілді. Осы бағытта тараптар Семей және Хиросима қалаларында өткен қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуді көздейтін акциялар өткізуге келісті.
«Бейбітшілік қозғалысы бүкіл әлемдегі кәсіподақ қозғалысының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Біз Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбалары сияқты жан түршігерлік оқиғалардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Қалаларымыздағы бірлескен іс-шаралар осы игі іске маңызды үлес болмақ», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, тараптар кәсіподақ қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту және дамытуды жалғастыруға келісті.
ҚРКФ Төрағасы атап өткендей, осы саладағы озық тәжірибе алмасу екі елдің кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігін арттырады.
Қазақстан мен Жапония кәсіподақ жетекшілері де ұлттық кәсіподақ орталықтарының қызметі туралы ақпарат алмасып, жемісті жұмыс үлгілерін атап өтті.
Келіссөздер барысында жапон кәсіподақтарының жұмысшыларға өтемақы төлеуді жақсарту, сондай-ақ еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу бойынша тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
«Жапониядағы кәсіподақтар мен іскерлік ұйымдар арасындағы жыл сайынғы көктемгі келіссөздер жалақыны оңтайлы арттыруды әзірлеуге бағытталған». 1950 жылдары пайда болған және жұмысшылардың «көктемгі шабуылы» («сюнто») деп аталған бұл тәжірибе өзара шешімдерді табуда өзінің тиімділігін көрсетті», – деп өз тәжірибесімен бөлісті Томоко Йошино.
Өз кезегінде Сатыбалды Дәулеталин жапон кәсіподақтарының тиімді әлеуметтік диалог құрудағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол RENGO тәжірибесі Қазақстандағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту үшін пайдалы болатынына сенім білдірді.
«Біздің елдегі жапон кәсіподақтарының бұл тәжірибесін барынша пайдалану қажет. Бұл еңбек пен капитал арасында сындарлы диалог құруға, жұмысшылар мен жұмыс берушілер мүддесі үшін өзара қолайлы шешімдер табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар бұл кездесу екі ел еңбекшілерінің мүдделері үшін өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген ұмтылысының тағы бір дәлелі екенін тілге тиек етті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сапар аясында Жапония Халықаралық Еңбек Қорының (JILAF) Президенті Ясунобу Аихарамен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйін талқылап, серіктестік қатынастарды одан әрі нығайту жөніндегі жоспарларды белгіледі. Қазақстанда JILAF оқу бағдарламасын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы JILAF оқыту бағдарламасының ерекше маңыздылығын атап өтіп, оның қазақстандық кәсіподақ қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттырудағы маңызды рөліне тоқталды.
«JILAF оқыту бағдарламасы еңбек қатынастарын дамыту және жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың тиімді құралы екенін көрсетті. Біз бұл ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және JILAF президенті Ясунобу Аихараны әріптестікті одан әрі нығайту үшін Қазақстанға шақырамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде JILAF Президенті Ясунобу Аихара Қазақстанның Кәсіподақ көшбасшысын сындарлы диалог үшін және шақырту үшін ризашылығын білдірді.
«Біз Қазақстан Кәсіподақтар федерациясымен қалыптасқан сенімді қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз. Оқу бағдарламаларын іске асыру бойынша жұмысымыз еңбек ресурстарын дамытуға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға маңызды үлес болып табылады. Біз бұл процеске белсенді түрде атсалысуға дайынбыз», – деп атап өтті JILAF Президенті.
Тараптар бұл кездесу Қазақстан мен Жапония еңбекшілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттыру және жемісті ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды деп есептейді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы