Биыл Қазақстанда алғаш рет ветеринария қызметкерлері күні аталып өтілуде.Осы ретте ағымдағы жылдың 10 шілде күні Түркістан облысында осы сала өкілдеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысының ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысы Ағабек Абдиев және Түркістан облысының ауыл, орман шаруашылығы, табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Сапарғали Шолданбаев ветеринария саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды құттықтап, марапаттарын ұсынды.
Атап айтқанда «Түркістан облысының үздік мал дәрігері» номинациясымен Арыс қаласы, Қожатоғай ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Бақыт Малдыбеков, Отырар ауданы, Қарғалы ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Бекжан Сейдуллаев және Сайрам ауданы, Қарамұрт ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Зухриддин Махбубеков марапатталды.
Сонымен бірге бір топ азаматқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың арнайы алғыс хаттары тапсырылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ауыл шаруашылығы саласының және ветеринария саласының «Құрметті ардагері» төсбелгісі Қанатбек Оспанбековқа табысталды.
Мерекелік жиын облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Айта кетейік, Түркістан облысында ветеринария саласында 2 мыңға жуық азамат жұмыс істейді.