Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Отырыста қала тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты екі өзекті мәселе қаралды.
Бірінші талқыланған мәселе балалар жарақаты, атап айтқанда, көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің терезелерінен балалардың құлауы болды. Соңғы уақытта мұндай жазатайым оқиғалар жиі орын алып отыр. Бұл ретте ата-аналардың үйдегі қауіпсіздік шаралары туралы хабардар болуын арттыруға бағытталған ақпараттық науқандар өткізу, балаларына үнемі бақылау жасау қажеттігі және бөлме терезелеріне қосымша қоршаулар орнату туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Ерік Мұхаметғалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің терезелерінен балалардың құлауы бойынша 23 жағдай тіркеліп, оның ішінде 4-і өліммен аяқталған. Бұл жазатайым оқиғаларға ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдырып, немқұрайлы қарауы себеп болып отыр.
Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап елімізде Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының бұйрығымен пайдалануға берілген тұрғын үй терезелерінен балалардың құлап кетпеуі үшін қауіпсіздік құлыптарын орнату бойынша міндетті талаптар енгізілген. Өкінішке орай, беріліп жатқан жаңа үйлерде осы талаптар орындалмауда.
Кеңесте қаралған екінші мәселе құрылыс нысандарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету болды. Астана қаласындағы белсенді құрылысқа байланысты жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып отыр.
Елорданың бас инспекоры Ерлан Исмағұлов құрылыс алаңдарында қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылауды күшейту, еңбекті қорғау нормалары мен ережелерінің сақтау, тәртіп бұзушыларға айыппұл салу, сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қалпына келтіргенге дейін құрылысты уақытша тоқтату жөнінде жүргізілген шаралар туралы баяндады. Жыл басынан бері 36 жазатайым оқиға орын алып, оның ішінде 8 адам құрылыс нысандарында қаза тапты.
Кездесу қорытындысы бойынша Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қала тұрғындарының қауіпсіздігі басым мәселе болып табылатынын және жазатайым оқиғаларды болдырмау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті. Қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, жауапты қызметтерге тиісті тапсырмалар берілді.