«Алтыналмас АК» АҚ компаниясының Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында орналасқан Ақбақай тау-кен байыту комбинатында Металлургтер күні кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара кең ауқымда атап өтілді.
«Алтыналмас АК» АҚ компаниясы 1993 жылы құрылған, еліміздегі алтын өндіруші ең ірі компаниялардың үштігіне кіретін кәсіпорын болып табылады. Компанияның өндірістік қуаттары Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан.
Аталған кәсіби мереке қарсаңында кәсіпорында металлургия саласындағы мамандар арасында ұйымдастырылған «Алтын шебер» байқауы болды. Компанияның жақсы дәстүріне айналған бұл байқау үздік қызметкерлерді анықтауға көмектесіп, оларға өз таланттары мен шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Салтанатты іс-шара барысында осы байқаудың жеңімпаздарын «Алтыналмас АК» АҚ Ақбақай тау-кен байыту комбинатының бас инженерінің міндетін атқарушы Р.Смаилов грамоталармен және қаржылай сертификаттармен марапаттады.
Өз кезегінде, кәсіпорындағы «QAZAQMETAL KASIPODAGY» Қазақстандық тау-кен металлургия салалық кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің құрамындағы «АК Алтыналмас» АҚ Ақбақай филалының «Бәйтерек» кәсіподақ ұйымы да кәсіпорында көп жылдан бері қажырлы еңбек етіп, кәсіпорынның дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан кәсіподақ белсенділерін де назардан тыс қалдырмады.
Мерекелік салтанатты жиынға арнайы барған «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің арнайы марапаттарын табыстады. Атап айтқанда, Министрліктің II дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен кәсіпорынның автокөлік учаскесінің басшысы Жылыбаев Талғат және жабдықтарды энергиямен қамтамасыз ету учаскесінің электрослесарі Байдәулетов Әділжан, ал III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен байыту өнімдерінің бақылаушысы Бәкірова Ақерке марапатталды.
Сол сияқты, жиында кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі бар бірқатар кәсіподақ белсенділерін «QAZAQMETAL KASIPODAGY» Қазақстандық тау-кен металлургия салалық кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталарымен «АК Алтыналмас» АҚ Ақбақай филалының «Бәйтерек» кәсіподақ ұйымының төрағасы Байсерік Бақбергенов табыс етті.
Кәсіби мереке қарсаңында кәсіпорындағы «Бәйтерек» кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің арасында салауатты өмір салтын қолдай отырып турникке тартылу спорт түрінен де жарыс өткізген еді. Жарыс жеңімпаздары осы жиында арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталып өтті.
Кәсіподақ өкілдері еңбек адамының адал және қажырлы еңбегін ұлықтайтын осындай мереке жастарды еңбектенуге жігерлендіріп, еңбексүйгіштікке баулиды деген сенімде.