Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымының белсенділері Дөң тау-кен байыту комбинатының әріптестерімен «Мұғалжар» лагерінде кездесіп, өзара іс-тәжірибе алмасып, әрі жазғы демалыстарын көңілді өткізіп жатқан балалардың тыныс-тіршілігімен танысты.Кәсіподақ өкілдері спорттық қажеттіліктер, ойыншықтар, домбыра, гитара сынды музыкалық аспаптарды сыйға тартты.
«Мұғалжар» лагерінде демалып жатқан балалар кәсіподақ ұйымының өкілдерін жылы шыраймен қарсы алды. Жылы жүздесуде хромтаулықтар қонақтарына футболка, бейсболка ұсынса, қатар-қатар сап түзеген кішкентай балалар өздерінің әзірлеген түрлі қызықты тапсырмаларымен таң қалдырды. Кәсіподақ төрағалары бір сәт өндірістегі қызу тірлікті артқа тастап, құды бір ертегілер әлеміне еніп, бүлдіршіндермен тапсырмаларды орындап балалық шаққа саяхаттап бір жасап қалды.
Сондай-ақ, жасөспірімдер қонақтармен бірге волейбол, футбол сияқты спорт түрлерімен сайысқа түсіп қонақжайлылық көрсетті. Әріптестік кездесу соңында Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ ұйымының төрағасы Елтай Утегуловқа , лагерь директоры Айнаш Имекешеваға алғыстарын білдіріп, балаларға сый-сияпаттарын тапсырып, естелікке фотоға түсті.
Лагерьдің мән-жайына қанық болған кәсіподақ көшбасшылары табиғат аясында алда атқарылатын жұмыс жоспарлары, жобаларымен бөлісіп, осындай басқосулардың берері көп деген мақсатпен тарқасты. Іс-тәжірибе, пікір алмасу, әріптестік кездесулер алдағы уақытта да Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өз жалғасын табатын болады.