Медицина майталманы

Еңбегімен еліне жаққан, халқына мақтан, өз бақытын содан тапқан азаматтар ортамызда аз емес. Солардың қатарында ағайынды Анархан, Қасымхан және Мұрат Бердалиевтер бар.

Жастайынан Қошқаратаның көк майсасында аунап-қунап, Теріс өзенінің ағысына қарсы жүзіп өскен Мұрат Әзімханұлы бүгінде 60 жастың белесіне шығып отыр. Жоғары санатты дәрігер-ординатор, «Халық алғысы» медалінің және басқа да мемлекеттік наградалардың, сонымен бірге «Алтын дәрігер», «Денсаулық сақтау» және «Әлеуметтік сала үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат аға қазір «Ұлттық медициналық ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты облыстық филиалының президенті. Сонымен қатар, Тараз қалалық мәслихатының депутаты.

Мұрат Әзімханұлы 1989 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын облыстық балалар ауруханасында балалар хирургі болып бастаған.

Оның айтуынша, әкесі Әзімхан Бердалиев 1942 жылы 28 жасында әскерге шақырылып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Үшінші Белорус майданында болған Әзімхан көптеген ұрыс қимылдарына қатысып, 1943 жылы алған ауыр жарақатынан соң, елге оралған. Ал, өзімен бірге қан майданға аттанған інісі Әбілдабек сонда қаза тауыпты. Елге келген соң еңбек майданына араласқан әкесі Сталин колхозын ұзақ жыл басқарып, «Құрмет» орденін иеленген. Ал, анасы Күлшат Жапарқызының туғанына биыл 100 жыл толады екен. Педагогикалық колледжді бітірген анасы қосағымен 9 ұл-қызды тәрбиелеп, олардың тәлім-тәрбиесіне үлкен мән берген. Өнерден де құр алақан болмаған анасы барлық ұл-қызына домбыра тартып, күй шертіп, ән орындауды да үйретіпті.

Мұраттың ұйымдастырушылық қабілеті әкесінен дарыған сынды. Өйткені, мектеп қабырғасында жүргенде оған мектептің комсомол ұйымын басқару сеніп тапсырылады. «7-сыныпта мені комсомолға бір жыл бұрын, он үш жасымда өткізді. Мұғалімдердің көңілі маған түсіп, мектептегі комсомол комитетін бір жарым жыл басқарып, көзге түстім. Осылайша, менің қоғамдық жұмыстарға араласуым басталған еді», – дейді ол.ъ

«Талапты жетер мұратқа» демекші, Мұрат аға колхозда жұмыс істеп жүрсе де, алға қойған мақсатынан айнымай, оқуға деген құштарлығы оны астанаға алып келеді. Сөйтіп, Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, «Педиатрия» мамандығы бойынша білім алып шығады.

Білім биігінен көрінген ол институттың намысын Днепропетровск қаласында өткен Кеңестер Одағының институттар арасындағы білім олимпиадасында қорғап, бірінші орынды жеңіп алады. Белсенділігімен көзге түскен ол комсомол ұйымын басқарып, бесінші-алтыншы курста студенттік кәсіподақтар ұйымының төрағасы, екі жыл студенттік жасақтың командирі болады.

Мұрат аға – желтоқсаншы. Ол Желтоқсан көтерілісінің куәгері ретінде сол күндердің, қазақ жастарының ұлттық жігерін, сезімін қорлаған тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған азамат.

Мұрат Әзімханұлының еңбек жолына қайта оралар болсақ, ол дәрігер-интерннен жоғары санатты дәрігер-ординаторға дейінгі баспалдақтан өтті. Одан кейін, 2003-2005 жылдары штаттан тыс балалар урологы, сондай-ақ, Жамбыл облысы бойынша денсаулық сақтау департаменті жанындағы халықтың денсаулығын қорғау бойынша комитеттің мүшесі, медициналық-әлеуметтік сараптама және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының денсаулық сақтау құқықтық жұмысы бөлімінің бастығы сынды қызмет жолдарын абыроймен атқарды. 2012 жылы психоневрологиялық интернат-үйінің директоры болып тағайындалып, оны он жылға жуық басқарды. Сондай-ақ, 12 жылдан бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының пациенттердің құқықтарын қорғау қоғамдық кеңесінің мүшесі. Еңбегі ескерусіз емес. Оның медицина саласына сіңірген еңбегі министрлік тарапынан да жоғары бағаланып, басқа да бірнеше мерекелік медальмен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Соның ішіндегі ең жоғарғы наградасы «Алтын дәрігер» төсбелгісі.

Тағы бір атап өтерлігі, Мұрат Әзімханұлы – қоғам белсендісі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты. Мұхаң партия атынан алғаш «праймериз» тәсілімен қалалық мәслихат депутаттығының жетінші шақырылымына 142 үміткердің ішінен бесінші болып өткенін әріптестері жақсы біледі. Amanat партиясының депутаттық фракция мүшесі ретінде де талай жұмыстардың оң шешімін табуына үлесін қосып жүр.

Мұхаң психоневрологиялық интернат-үйін басқарып тұрғанда мекеме ауласында екі монумент бой көтерді. Оның бірі – «Шапағат шаңырағы» монументі. «Бұл монументтің атауының ерекше мәні бар. Жалпы, шаңырақ -қазақ болмысының көрінісі. Шаңырақтан жан-жаққа тарайтын төрт жүрекше алақан – мейірім мен ізгіліктің белгісі. Бұл монументті тұрғызғандағы мақсатымыз – барша адам мейірімге зәру екенін жеткізу болатын» – дейді ол. Ал, ұлттық домбыра күні «Домбыра» монументін тұрғызды. Сондай-ақ, 2018 жылы қамқорлық алушы азаматтарды Санк-Петербург қаласында ұйымдастырған кіші футболдан еуропалық турнирге апарып, ол ойында өзі жасақтаған команда ІІ орынды иеленіп қайтқан еді. Мінекей, осы істерге ол өзі демеушілік көрсеткенін ешкімге айтқан емес. Бұл да болса Мұхаңның қарапайымдылығының белгісі.

Оның осы қарапайымдылығы, қайырымдылығы үшін де Мұрат Әзімханұлын жерлестері құрмет тұтады.