БҚО-да Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Салықов Ербол Ғұмарұлы қатысты. Жиын барысында БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Есекенова Айгүл Оразқызы Ербол Ғұмарұлын мерейлі жасымен құттықтап , ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстады.

Ербол Ғұмарұлы еңбек жолын 1985 жылы Орал мемлекеттік аң аулау кәсіптік шаруашылығында бас инженері қызметінен бастап, мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқарды. 2016 жылдың ақпанынан бастап 2019 жылдың ақпанына дейін Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығын басқарды.

Ол өзіне жүктелген міндеттерді орындай отырып кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау және еңбекті қорғау жұмыстарына толық жауапкершілікпен қарады. Облыстағы әр жергілікті және салалық кәсіподағында орын алған еңбекті қорғау мен еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін көтерді.

Жиын барысында салалық және жергілікті Кәсіподақ төрағалары Ербол Ғұмарұлына жүрекжарды тілектерін арнап, мерейлі жасымен құттықтады.

Құрметті, Ербол Ғұмарұлы бүгінде Сіздің жауапкершілік жүгін арқалап, қоғамымыздың саяси, әлеуметтік, экономикалық, тыныс-тіршілігін таразылай білетін, зор ұйымдастырушылық қасиетіңіздің, кәсіби іскерлігіңіз бен парасаттылығыңыздың арқасында өңірімізде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесіңіз зор. Бұл реттегі игілікті істеріңізді әріптестеріңіз әрқашан да жоғары бағалайды.