«Ақшабұлақ» кенішінде «ҚазГерМұнай біріккен кәсіпорыны» серіктестігі Басқармасының 2024 жылғы бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша еңбек ұжымымен есепті кездесуі өтті. Кездесуге Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев қатысты.
Әр кезең үшін дәстүрлі түрде берілетін есепті жиынның барысында компания басшылықтары кәсіпорынның жыл басынан атқарған жұмыстары мен қаржылық-экономикалық жағдайы туралы баяндап, жыл соңына дейін межеленген жұмыс жоспары туралы сөз қозғады. Жұмыскерлер атқарылған жұмыстар барысына қанағаттанушылық білдіріп, өндірістік-процесстік, әлеуметтік жағдайлар бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев компания жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайлары мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша тараптар арасында өзара қалыптасқан жүйелі әлеуметтік әріптестік қатынастарды атап өтті. Есепті жиыннан соң облыстық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы кеніш қалашығындағы жұмыскерлердің өндірістік-тұрмыстық жағдайларымен, олардың тамақтану, демалу орындары жайларымен танысты.
Айта кету керек, «Қазгермұнай» БК» серіктестігі – Қазақстанның мұнай шығару секторындағы ірі компаниялардың бірі болып табылады. Компанияның әр жылдары әртүрлі номинациялармен алған «Парыз» конкурсының үш жүлдесі 2014 жылы конкурстың «Бас жүлдесін» алуға септігін тигізген болатын. Серіктестік «Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқаны үлесі үшін» номинациялары бойынша жеңімпаз атанған. Қазірде серіктестікте 700-ден аса жұмыскер жұмыс істейді, компания жұмыскерлерінің барлығы кәсіподақ мүшелері.