Ұжымдағы еңбек қатынастарын реттейтін, қарапайым еңбек адамының еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуші бірден-бір қоғамдық ұйым кәсіподақ екендігі баршаға аян. Қәсіподақ ұйымдарының атқаратын қызметі неғұрлым белсенді әрі жүйелі болса, солғұрлым еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік береді. Мұнайлы өңірде соңғы жылдары мәдениет, спорт, туризм, ақпарат қызметкерлері кәсіподағының қатары көбейіп, атқаратын жұмысы да бай мазмұнмен дамып келеді. Қоғам үшін айрықша орын алатын осы сала мамандарына қолайлы жағдай жасау – кәсіподақ үшін абыройлы, әрі жауапты міндет.
Бүгінгі таңда «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы құрамындағы 66 бастауыш ұйымы өз қатарына 3800-ге жуық кәсіподақ мүшесін біріктірген.
Жұмыс беруші мен жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарды шешуге жәрдемдесу, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуын жүзеге асыру, барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестер арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу міндетін атқаруға бағытталған Салалық келісім негізінде, Атырау облыстық филиалы мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, облыстық денешынықтыру және спорт басқармалары арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Өткен жылы облыс әкімдігінің «Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін құру туралы» 2022 жылғы 5 желтоқсанындағы қаулысына сәйкес, өңірде жаңадан он төрт балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Кәсіподақтар ұйымдарының қатарын көбейту арқылы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарының қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында Ақжар, Ақжайық, Ақкөл, Бөкейхан, Дамбы, Есбол, Жанбай, Сағыз, Шортанбай, Өрлік ауылдары мен Нұрсая ықшам ауданындағы №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, олимпиадалық резервті дайындау мектеп-интернат- колледжінде, Құрманғазы ауданы, Жаңаталап ауылдық клубында бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Ұжым мүшелеріне «Кәсіподақ не үшін қажет?», «Кәсіподақ ұғымы нені білдіреді?», «Кәсіподақ ұйымы қалай құрылады?», «Кәсіподақтың мақсаты мен міндеттері қандай?» тағы басқа өзекті тақырыптар төңірегінде түсініктер берілді.
Спорт мектептеріндегі жаттықтырушы-мұғалімдердің жалақысы 1,75 есеге өсіп, жүктемесі 24-тен 18 сағатқа, сабақ уақытын 40 минутқа қысқарту туралы ұсыныс берілді. Облыстық академиялық драма театрының, филармонияның үрмелі аспаптар әртістері мен цирк әртістерінің зейнет жасын қысқарту үшін министрлік «Мәдениет туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеуде. Бүгінде 20 жылдан астам еңбек өтілі бар үрмелі аспаптар әртістеріне 60 пайыз еңбекақысына үстеме төлеуге қол жеткізді.
Осы және басқа да мәселелер бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәжіліс залында өткен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының VII облыстық есеп беру сайлау конференциясында жан-жақты сөз болды.
Атырау облыстық филиалының VII облыстық конференциясы жұмысына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Светлана Иманқұлова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Нұржауған Төлеуова, Атырау облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Қылышбай Сүндетұлы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов қатысты.
Баяндаманы талқылауға қатысқан конференция делегаттары кәсіподақ жетекшісінің және бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Г.Сембаеваның қаржылық есептерін «қанағаттаналық» деп бағалап, болашақ жаңа құрамға да сәттіліктер тіледі. Г.Шайхашеваның филиал төрағалығына өкілеттігі делегаттардың дауыс беру нәтижесінде, бірауыздан қабылданып, келесі бес жылға ұзартылды. Кеңес мүшелері, бақылау-тексеру комиссия құрамы және 2025 жылы Астанада өтетін «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің VIII сьезіне делегаттары сайланды.
Шара соңында Атырау облыстық ардагерлер Кеңесі алқасының шешімімен Светлана Иманқұловаға даңқты ұшқыш «Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова» медалі тапсырылды. №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Құрманбай Ашетов «Дауылпаз», Доссор мәдениет үйінің әдіскері А.Әбілқасова «Тәлімгер» медальдарымен марапатталды.
Көктемгі су тасқынына байланысты аймақта орын алған төтенше жағдай кезінде қосқан жанқиярлық үлестері үшін басқарма басшылары салалық кәсіподақтың «Алғыс хатымен», Мақат аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы З.Ибраймова мен Исатай аудандық мәдениет және спорт бөлімі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Көбеева салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен ұлықталды.