Бүкіл әлемде 12 тамыз – Халықаралық жастар күні аталып өтіледі. Биыл бұл мереке облысымызда кең көлемде ұйымдастырылды. 3-12 тамыз аралығында 10 күн бойы түрлі тақырыптарда жастарға арналған іс-шаралар жоспарланып, тазалық және қайырымдылық акциялары, жастарға арналған семинар-тренингтер, викториналар, сайыстар, тақырыптық көрмелер, мұражайларға саяхат, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою, квест ойындары өтті.
Декаданың қорытындысы жастарға арналған мерекелік кешімен аяқталды. Бұл кешті Абай облысының кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған «Келешек» жастар кенесі облыстық ішкі саясат басқармасының «Абай жастары» ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара Семей қаласының аспалы көпірінің сол жағалауында орналасқан қоғамдық орында өткізілді. Сахна тематикалық тақырыпта безендіріліп, ортасында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының логотипі орналастырылды. Кеш барысында жастар мен қала тұрғындарына арналған мерекелік концерт, лотерея ойындары ойнатылды. Жастар үшін тоғызқұмалақ, асық ату, қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жастар арасында шағын футболдан турнир өтті. Бұл турнирге 8 команда қатысып, күш сынасты. Жүлделі орын алғандарға сертификаттар, кубоктар, медальдар салтанатты түрде табысталды. Жүлде қорына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкелерінің кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалы өз үлесін қосты. Жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында арнайы алаңда мини караоке орнатылып, қаламыздың жас әншілері өз өнерлерін көрсетті.
Халықаралық Жастар күніне арнап өткізілген іс-шаралар жастардың салауатты өмір салтын сақтауға, спортпен үнемі шұғылдануға, қазақтың ұлттық ойындарын насихаттауға, танымдық қабілеттерін және жалпы ой–өрістерін дамытуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.