Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті Қазақстандағы атом электр станцияларының құрылысын қолдау туралы үндеу қабылдады

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы елімізде атом электр станциясының салынуына батыл қолдау білдірді. ҚРКФ Атқару комитеті Қазақстанның еңбек ұжымдарын осы бастаманы белсенді қолдауға шақырған үндеу қабылдады.

Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев мәлімдеді. Ол Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін АЭС-тің стратегиялық жағынан маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, іс жүзінде нөлдік шығарындылары және қалдықтары зиянсыз жаңа буын станциясын салу экологиялық таза және жоғары технологиялық кәсіпорындарға қарай жасалған маңызды қадам болып табылады.

«Біздің кәсіпорындар тұрақты, үздіксіз және арзан электр энергиясын қажет етеді. Тек осылай ғана өнеркәсіп өсіп-өркендейді, бізді лайықты жұмыспен қамтамасыз ете алады. Қол жетімді энергия болмай тиімділік болмайды, демек, компаниялардың табысы мен еңбек ұжымдарының ауқаттылығы артпайды, – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.

Энергетика қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас өз сөзінде атом электр станцияларының құрылысын қолдап, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жылу электр станцияларының көпшілігі ескіргенін, ал олардың жұмыс істеу құнының тарифтерге қатты тәуелді екенін атап өтті, мұның сайып келгенде, тұтынушылардың қалтасына түсетініне тоқталды.

«Біз ең үздік атом технологиясын таңдап, оны өзіміз салуымыз керек. Қазір әлемде 52 елде 400-ден астам атом электр станциясы жұмыс істейді. Олардан қорқуға ешқандай себеп жоқ», – деді кәсіподақ көшбасшысы.

Өз кезегінде Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Қасымжан Мәдиев атом станцияларында жаңартылатын энергия көздері сияқты ресурстардың жетіспеушілігінен туындайтын проблемалар жоқ екенін атап өтіп, жобаны қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, Қазақстанда Үлбі металлургия зауытында ядролық технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы отандық компаниялар мен мамандар үшін барынша пайдалы болу үшін атом электр станцияларын салу мен пайдалануды мұқият бақылауды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Кәсіподақтардың пікірінше, бұл жобаны іске асыру Қазақстан үшін «жаңа технологиялық серпіліс» болмақ.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы