Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы (ҚРКФ) Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланған негізгі алаңға айналды.
Кездесуге барлық деңгейдегі кәсіподақ қозғалысының өкілдері: Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығы, салалық және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері, еңбекші әйелдер мәселелері жөніндегі комиссия мүшелері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қонақтарды қарсы ала отырып, Жильбер Унгбоның тарихи сапарының маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, бұл халықаралық еңбек стандарттарын енгізуге және Қазақстанда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асыруға серпін болады.
«Унгбо мырзаның Қазақстандағы алғашқы кездесуі Кәсіподақтар федерациясының орталық аппаратында жұмысшылардың өкілдерімен болғаны атап өтерлік оқиға. Бұл біздің бүкіл қоғамға жақсы серпіліс», – деді ҚРКФ басшысы.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы елдегі ең ірі және бұқаралық қоғамдық ұйым және әлемдік кәсіподақ қозғалысының бір бөлігі болып табылатынына тоқтала келе, Сатыбалды Дәулеталин Ұлттық Кәсіподақ орталығының ХЕҰ қағидаттарына бейілділігін растады.
«Соңғы жылдары біздің ұйым ХЕҰ-ның «Бірлестіктер бостандығы туралы» №87 Конвенциясын іске асыру бойынша, оның ішінде тәуелсіздікті қалпына келтіру, ішкі демократияны қамтамасыз ету, ашық және тәуелсіз сайлау арқылы кәсіподақ ортасынан алғаш рет төраға сайлау бөлігінде ескертулерді жою бойынша елеулі жұмыстар атқарды. Біз үшін бұл үдерістердің қайтымсыз болуы өте маңызды. Біз әрқашан кәсіподақтар іс-әрекетіндегі ынтымақтастықты қолдаймыз, сондай-ақ халықаралық кәсіподақ ұйымдарының ынтымақтастық науқандарын қолдаймыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақ көшбасшысы атап өткендей, халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында, Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ-ның Жұмысшылар қызметі жөніндегі бюросымен белсенді жұмыс істеп, бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
«Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мен ХЕҰ/ACTRAV мүшелері арасында Алматы декларациясы қабылданып, оған қол қойылды. Бес өңірлік іс-шара, Жұмысшы әйелдер форумы өткізіліп, әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылды.
«Біз халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа деңгейіне шығуы үшін көп күш салдық. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі қалпына келтірілді. 2023 жылдың желтоқсанында Федерация алғаш рет ХЕҰ Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің басшылығына енді. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі құрылып, үш жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ ұйымы құрылды. Әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелері бойынша ХЕҰ, ХКК, ОАЕКК, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ ұйымы (ТМКҰ) бірлесіп 200-ге жуық халықаралық конференциялар, семинарлар, форумдар мен кездесулер өткізілді. Көптеген республикалық кәсіподақ орталықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының түйінді бастамалары туралы айта келе, ол лайықты еңбек мәселелерін ілгерілету, барлық деңгейлерде әлеуметтік әріптестікті табысты іске асыру, ең төменгі жалақы деңгейін арттыру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, ұжымдық еңбек дауларын шешу және т. б. салмақты шараларға баса назар аударды.
Сатыбалды Дәулеталин ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізу мәселелеріне ерекше ден қойды.
«Біздің еліміз ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық нормаларды енгізу арқылы лайықты еңбек тұжырымдамасының қағидаттарын ілгерілету жөнінде дәйекті шаралар қабылдауда. Біз үшін ХЕҰ-мен бірлесіп лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын жаңғырту өте маңызды. Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылы Ұлттық құрылтай отырысында осы құжатты әзірлеу жөнінде өз ұсыныстарын енгізіп, Үкімет тарапынан қолдау тапты. Бүгін біз ХЕҰ тарапынан: 2024 жылы ХЕҰ-ның 112-ші сессиясының алаңдарында Қазақстанның бірлескен іс-қимылдарының Жол картасына және ХЕҰ-ның еңбек саласының бес өзекті бағыты бойынша – «Қауіпсіз еңбек» «Әлеуметтік диалог», «Ең төменгі жалақы», «Әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау», сондай-ақ, «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жоюға» қол қойылуын қанағаттанушылықпен атап өтеміз.
ХЕҰ ұсынымдарына сүйене отырып, біз Қазақстандағы еңбек инспекциясының ХЕҰ-ның 81 «Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы» және 129 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» ратификацияланған конвенцияларының талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізуді жоспарладық. Сондай-ақ ұжымдық еңбек дауларын шешу туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ 87-Конвенцияға сәйкес кәсіподақтар туралы заңнаманы үйлестіру бойынша бірқатар шаралар жоспарланған», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Еңбекшілердің қауіпсіз еңбек құқығын қорғау шараларына келетін болсақ, ҚРКФ басшысы Кәсіподақтар федерациясының компенсаторлық модельден еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған жүйесінің қағидаттарына көшуге бағытталған 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге қатысуы туралы хабардар етті.
«Қазіргі уақытта біздің мүшелік ұйымдарда 11 мың өндірістік кеңес қызмет етеді, кәсіподақтардан еңбекті қорғау жөніндегі 17 мың техникалық инспектор жұмыс істейді. 2023 жылғы 21 желтоқсанда еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарды қоғамдық бірлестіктер және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Кәсіподақтар көптеген онжылдықтар ішінде алғаш рет зиянды еңбек жағдайларында еңбек ететін кәсіпорындардың 55 жасқа толған жұмыскерлері үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізуге қол жеткізді. Бұдан басқа, №176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы» Конвенцияны ратификациялау бойынша консультациялар өткізу жоспарлануда», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Еңбек жанжалдарын шешу саласында, оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы мен мүшелік ұйымдардың өкілдері 48 еңбек дауларын немесе 57 пайыз еңбек жанжалдарын шешті, соның ішінде кәсіподақ ұйымдары жоқ 17 кәсіпорын бар.
«2023 жылы елде 84 еңбек даулары тіркелсе, оның 31-де кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Еңбек жанжалдарының туындау қаупін жедел анықтау үшін Кәсіподақтар федерациясы апта сайынғы кәсіподақ мониторингін жүргізеді. Еңбек саласындағы орын алатын тәуекелдерді болдырмау мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп әлеуметтік шиеленістің алдын алу жөніндегі кешенді жоспар және әлеуметтік әріптестердің еңбек жанжалдарын шешу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарының қадамдық алгоритмі іске асырылуда», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сонымен қатар, ҚРКФ басшысы хабарлағандай, кәсіподақтар заңнаманы жетілдіру саласында жемісті жұмыс жүргізуде, еңбек дауларын шешу тәртібін жеңілдету, кәсіподақтардың құқықтарын кеңейту, қоғамдық бақылауды күшейту, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және т.б. бөлігінде бірқатар заң жобаларына ұсыныстар енгізілді.
Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде «Заң клиникаларының» құрылған желісі арқылы құқықтық көмек көрсету мәселелеріне ерекше тоқталды.
«2023 жылы еңбек қатынастары және кәсіподақ қызметі мәселелері бойынша 6 мыңнан астам өтініш қаралды. Заң клиникаларының мамандары 1772 кеңес берді, біздің медиаторлар 2687 медиативтік келісімге қол қойды, қызметкерлерді қорғау үшін соттарға 53 талап арыз берді», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Ол халықаралық әріптестерді Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Жол картасы шеңберінде лайықты еңбекке жәрдемдесу, халықаралық нормаларды біздің заңнамаға енгізу және ХЕҰ конвенцияларын ратификациялауды ілгерілету бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді.
Өз кезегінде Жильбер Унгбо Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының көп қырлы және тиімді қызметін жоғары бағалады және кәсіподақтардың халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілету және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асыру жөніндегі күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.
«Мен үшін Қазақстанға алғашқы сапарымдағы бірінші кездесуім Кәсіподақтар федерациясынан басталғаны өте маңызды. Мен сіздерге Жол картасын жүзеге асырудағы маңызды рөлдеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. ХЕҰ Конвенцияларын ратификациялау және іске асыру саласында жүргізіп жатқан маңызды жұмысыңызды мақтан тұтамын және көріп отырмын және ХЕҰ үшін өте маңызды нормаларды ілгерілетудегі кәсіподақтардың ерекше рөлін атап өткім келеді», – деп тоқталып өтті Жильбер Унгбо.
Қазақстанға сапарының мақсаттары туралы айта келе, ол Халықаралық еңбек ұйымы жұмысының негізі болып табылатын 87-конвенцияны ратификациялау тұрғысынан алғанда, әлеуметтік диалогтың динамикасын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Жаһандық құрылымның басшысы атап өткен маңызды бағыт – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау.
«ХЕҰ сіздермен жұмыс істейді және қауіпсіз еңбек мәселелерінде шынымен ілгерілеу үшін трипартизм мәселелерін көтереді. Бұл бағыттар Жол картасына енді», – деп атап өтті ХЕҰ басшысы.
Ол сондай-ақ жасанды интеллекттің бүкіл әлемдегі еңбек саласына әсері туралы мәселелерді зерттеу үшін жаңа обсерваторияны бастау жоспарларымен бөлісті. Жильбер Унгбо Қазақстанның кәсіподақ қозғалысын осы бағытта пікір алмасуға шақырды.
Өз кезегінде ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Беате Андреес ҚРКФ-ның халықаралық стандарттарға бейілділігінің маңыздылығын атап өтті.
«Біз бірлестіктер бостандығына, еңбек инспекциясына қатысты мәселелерде кәсіподақтардың белгілі бір ілгерілеуін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда әділ ауысу мәселелері ерекше өзектілікке ие. Біз Қазақстан шетелдік инвесторларды белсенді түрде тартады деп күтеміз, өйткені мұнда қазбалы отыннан энергетикалық ауысу үшін ресурстар жеткілікті. Менің ойымша, бұл болашақтың сын-қатерлерінің бірі», – дейді ол.
Кәсіподақтар федерациясының Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласын дамытудағы және ХЕҰ-мен ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегін ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі Сергеюс Гловацкас ерекше атап өтті.
«Қазақстан еңбек және әлеуметтік қатынастар саласында үлкен әлгерілеуге қол жеткізді. Кәсіподақтар федерациясы бірлестіктер мен ұжымдық даулар бостандығы мәселелерін шешуге зор үлес қосты», – деп атап өтті халықаралық сарапшы.
Ол Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының соңғы жылдардағы бірқатар тарихи жетістіктерін тізіп өтті.
«Біріншіден, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы бүкіл Орталық Азия өңірінен бірінші болып Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына демократиялық кәсіподақ ретінде ұсынылды. Екінші айтулы оқиға – кәсіподақ ортасынан көшбасшының сайлануы. Үшіншісі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы алаңында ХЕҰ Бас директорымен тарихи кездесу», – деп тоқталды ол.
Сонымен қатар, Сергеюс Гловацкас климаттың өзгеруі, ұжымдық-еңбек даулары және еңбекті қорғау салаларындағы өзекті сын-қатерлерге де назар аударды.
Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова еңбекшілердің қауіпсіз еңбекке құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.
«Өкінішке орай, соңғы 5-6 жылда жазатайым оқиғалар саны азайған жоқ, Қазақстанда жыл сайын жұмыс орындарында мыңнан астам жазатайым оқиға болып, онда 200-ге жуық жұмыскер қаза болады. Павлодар облысындағы жағдай жалпы елдік көріністі қайталайды. Жыл сайын жұмыс орындарында 108-110 жазатайым оқиға орын алып, 4-тен 6-ға дейін адам қайтыс болады. Осылайша, өндірістік жарақат деңгейінің төмендеу үрдісі бар деп айтуға», – деді спикер.
Оның айтуынша, соңғы жылдарға тән ерекшеліктер тозған жабдықты уақтылы ауыстырудың болмауы, жауапты тұлғалардың апатсыз жұмысты қамтамасыз ете алмауы және олардың салдарын жоймауы, кәсіпорындарда білікті мамандардың түбегейлі жетіспеушілігі және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек гигиенасы талаптарының сақталуын қадағаламауы болып табылады.
Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы әртүрлі платформалар мен деңгейлерде, соның ішінде Үкімет пен Парламентке үндеулерді, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту қажеттігі туралы ұсыныстарды дәйекті және табанды түрде жариялап келеді, бұл еңбек инспекцияларының қызметіне қатысты 81 және 129 Конвенциялардың ережелерін мүлтіксіз сақтауды талап ететін Халықаралық Еңбек Ұйымының көзқарасымен сәйкес келеді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2024 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларын жергілікті атқарушы органдар құрамынан орталық мемлекеттік органның – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беру, сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекциясының жеке комитетін құру, шағын кәсіпкерлік және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийдің қолданылуын жою жөнінде шешімдер қабылдауға қол жеткізілді», – деп хабарлады Динара Айтжанова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру және мемлекеттік еңбек инспекторларына алдын ала ескертусіз тексеру жүргізу құқығын беру мәселелерін қарастыратын Заң жобасы дайындалды.
Кәсіподақ орталығының төрайымы кәсіподақтардың заңнаманы жетілдіру және қоғамдық бақылау механизмдерін, озық оқыту бағдарламаларын жақсарту, үздік әлемдік тәжірибелер негізінде еңбек жағдайларын мониторингтеу жүйелерін әзірлеу бойынша сараптамалық ұсынымдар алуға мүдделілігін атап өтті.
Климаттың өзгеруі тақырыбын ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева өз сөзінде егжей-тегжейлі ашты.
«Бүгінгі күні біз құрғақшылыққа, су тасқынына, дауылға, өртке және басқа да табиғи құбылыстарға әкелетін жағымсыз әсерлердің әсерін толық сезінудеміз. Бұл каскадты әсерге әкеледі, яғни экономика зардап шегеді, геосаяси жағдай шиеленіседі, адамдардың материалдық қауіпсіздігі нашарлайды, азық-түлік қауіпсіздігі саласында айтарлықтай қауіптер артады. Сонымен қатар, бұл еңбек нарығының өзгеруіне әкеледі – жалпы және еңбек көші-қоны өсуде, бейресми еңбек үлесі артуда», – деп атап өтті Гүлнәр Жұмагелдиева.
Оның сөзінше, кәсіподақтар үшін ағымдағы және алдағы өзгерістерге бейімделу – бұл төмен көміртекті қоғамға көшу кезінде жұмысшыларды жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қамсыздандыруды қамтамасыз ету үшін өздерінің Әділ көшу саясаты мен іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді және ілгерілетуді талап етеді.
«Кәсіподақтар ұлттық тұрақты даму саясатын әзірлеуде, жүзеге асыруда және оның мониторингінде белсенді рөл атқарып, барлық деңгейдегі әлеуметтік диалогқа қатысуға ықпал етуі тиіс. Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ қозғалысының көмегімен мәселелерді зерделеуге және климаттың өзгеруі жағдайында әрекет ету алгоритмін әзірлеуге белсенді түрде қосылады. Халықаралық және ұлттық ұйымдардың сарапшыларымен және әріптестермен түрлі форматта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Елдегі климаттық жағдайдың жай-күйін талдауға, туындауы мүмкін тәуекелдерді анықтауға және іс-қимыл стратегиясын анықтауға мүмкіндік беретін зерттеу жүргізілді. Іс-шаралар бірінші кезекте Әділ көшу идеяларын жүзеге асыруға бағытталған», – деп қосты ҚРКФ Төрағасының орынбасары.
Осылайша, Федерация заңнамаға ұсыныстарды бастамалауға белсенді қатысуға, экология мәселелерін қарауға, Жасыл жұмыс орындарын құруға, келісімдерге, ұжымдық шарттарға экологияның теріс көріністерінің ықпалына ұшыраған қызметкерлерге қосымша жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететін ережелерді енгізуге бағытталған Қазақстан кәсіподақтарының іс-қимылдарының бірқатар ұсынымдарын әзірледі.
Талқылау қорытындысы бойынша Жильбер Унгбо «Келешек» жастар кеңесі өкілдерінің еңбекті қорғау бойынша халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілету және жасанды интеллектті белсенді енгізу аясында жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын дамытуға қатысты сұрақтарына жауап берді.
Соңында тараптар ХЕҰ Бас директорының Қазақстанға сапары Лайықты еңбек қағидаттарын енгізуге және Еңбек адамына деген құрметті арттыруға жаңа серпін беретінін атап өтіп, ынтымақтастықты дамыту ниетін құптады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы