Оралдағы мағыналы кеш

Орал қаласында Рахметолла Егізбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай кеш өткізілді

7 қыркүйек күні Орал қаласындағы Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің Студенттер сарайында еліміздің белді тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі және облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болған Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Шәрімбет саздары» атты кеші ұйымдастырылды.

Аталған кешке айтулы тұлғаның туған жері – Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары, өңіріміздің белгілі тұлғалары – Жайсаң Ақбай, Роза Кужекова, Сәния Хамзина, Тұяқбай Рысбеков, сондай-ақ, БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов және басқа да мемлекет қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, облыстың зиялық қауымы, БАҚ өкілдері және студент жастар қатысты.

Шараның мақсаты – бар болмысы мен бітімін ел ісіне арнаған, адал еңбекті ту еткен, қоғамдық іс пен шығармашылығын қатар алып жүре білген қайраткер жан Р.Егізбаевтың тұлғасында бүгінгі жастарға, орта буын азаматтарға көркемдік және сазды туындылар негізінде сергітер сезім ұялату, әсерлі ой туғызу. Өскелең ұрпақты шынайы патриотизмге, мемлекетшілікке, адал еңбекке, өңірімізде ел басқару ісінде үздіктердің бірі болған, шығармашылығы мен қызметін елдің игілігіне ғана арнаған нар тұлға азамат, Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаевтың бейнесімен тәрбиелеу.