Жыл сайын елімізде 1 қазан – Қарттар күні мерекесі атап өтіледі. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген аталы сөзді ардақтап, үлкенді сыйлап, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Бұл мереке – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.
Халықаралық қарттар күніне орай ҚР Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен «Ақмолатурист» қонақүйінде қарттарды құттықтау кеші өтті. Мерекелік іс-шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасарлары Нұрлан Өтешев және Қайрат Айбосынов қатысып, өздерінің жылы лебізін білдірді.
«Өткенімізді өшірмей, болашағымызға батыл қадам жасау үшін де өскелең ұрпаққа өнеге боларлық істерімізді жеткізіп, елдің берекелі бірлігі мен тату тірлігі жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетудің мәні зор. Мемлекетіміз қазыналы қарттарымыздың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында әртүрлі бағытта жұмыстар атқарып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларына қолайлы жағдай жасауда», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов ересек буынның ақылдары, жұмыс тәжірибелері, білім-біліктіліктері кейінгі ұрпақ үшін таптырмас қазына екенін атап өтті.
«Сіздердің даналықтарыңыз бен баға жетпес өмірлік тәжірибеңіз жастарға бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге, жауаптылық пен адамгершілік сезімдерін тәрбиелеуге әрқашанда көмек, үлгі-өнеге. Сондықтан халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!», – деді Қайрат Айбосынов.
Кездесуде болған еңбек ардагерлері өздерінің жұмыс жасаған уақыттарын әңгімелеп, өз естеліктерімен және ойларымен бөлісті. Солардың бірегейі «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісінің иегері, «Ақмолатурист» қонақүйінің бұрынғы басшысы Владимир Жуков алғысын білдіріп, кәсіподақ жұмысына табыс және өнімді еңбек тіледі.
«Халықтың әлеуметтік жағдайын қалыптастыруда кәсіподақтардың орны ерекше. Еңбек саласында қабылданып жатқан өзгерістер кәсіподақтардың жұмысымен тікелей байланысты. Еңбек адамының мұң-мұқтажын тек республика шеңберінде емес халықаралық аренаға шығару үлкен нәтиже деп есептеймін», – деді Владимир Жуков.
Кездесу соңында қатысушылар алғысын айтып, елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.