Қызылордада еңбек адамдары ұлықталды

Қызылордада Еңбек күні мерекесіне орай «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев және еңбек адамдары, кәсіподақ белсенділері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта әр түрлі салаларда ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп жүрген еңбек адамдарын айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Бұл мереке – адал еңбегімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан сіздерге деген құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда, халыққа арнаған Жолдауларында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы, еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс екендігін әрдайым айтып келеді. Биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы арта түсері сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуге білікті мамандар қажет. Аймақтың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар атласы әзірленуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекелік іс-шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайруллаев, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев еңбек адамдарын мерекемен құттықтады.

Мерекелік жиында көп жылдар бойы еңбек етіп ерекшеленген бірқатар мамандарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлықтар, шипажайға жолдамалар табысталды. Еңбек күнінде марапат төріне шыққандар қатарында «Қызылорда тазалығы» ЖШС жұмысшысы Жанар Тайшаева мен Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз компаниясының «Көлжан» ЖШС «Солтүстік-Батыс Қызылқия» кен орнын пайдалану шебері Жанболат Жармұхамбетов шарада сөз алып, пікір білдірді.

«Өзім Петро Казахстан Құмкөл Ресорсис мекемесінде мұнай газ өндіру цехының мастері болып қызмет атқарамын, сонымен қатар компанияда кәсіподақ комитетінің цехкомымын. Баршамызға ортақ мақсат- жұмыскердің еңбек құқығының қорғалуы, оның әлеуметтік мәселелеріне жанашыр болу. Осы жанашырлықтың бір көрінісі ретінде біздер, еңбеккерлер кәсіпорындарда жасалған Меморандумдарды білеміз. Ол келісімдер арқылы жұмыскерлердің жұмыс орынын жоғалтпау, еңбек жағдайын жасау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері жақсартылды, үнемі бақылауда ұсталуда. Адал еңбектің жемісін көре беріңіздер, баршамызға Мереке құтты болсын!» деді өз сөзінде марапат иесі, кәсіподақ белсендісі Жанболат Жармұхамбетов.