2024 жылдың 03 қазанында «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында Абай облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Зәуреш Исабаева мен орталықтың заңгері Ержан Разбеков және «Қазақстандық салалық мәдениет,спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекова Семей қаласының балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, облыстық халықтық штаб мүшесі Зәуреш Рамазанқызы АЭС тың салынуы тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, жаңа кәсіпорындар ашу үшін, елімізге инвестиция тарту үшін, жастардың болашағы үшін өте қажет деп түсіндірді. АЭС тың құрылысына байланысты көкейлерінде жүрген күмәнді сұрақтарына жауап алды.
Кездесуді облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Ержан Разбеков пен облыстық филиалдың төрағасы Гүлнар Оразбекова жалғастырды. Кәсіподақ мүшелері жыл сайынғы еңбек демалысында біліктілігі жоқ жұмысшыларға бір айлық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақының төленуі мен ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын және еңбек ететін қызметкерлерге, оның ішінде 1991 жылдан кейін туылғандарды қоса алғанда, жыл сайынғы қосымша ақылы демалыстың берілуі және жыл сайынғы қосымша демалыстың ұзақтығы және ұжымның кәсіподақ мүшелеріне денсаулықтарын сауықтандыруды, жұмыстан тыс уақытта демалу күндерін ұжымға ыңғайлы кезеңдерде дұрыс ұйымдастыру туралы сұрақтар қойылды.
Барлық сұрақтарға толық қанды жауап берілді және еңбекті қорғау мен әлеуметтік кепілдіктер мәселелерін реттеу бойынша құқықтық кеңес берілді. Заңгер Ержан Разбеков ұжымда келісу комиссиясының жұмысын дұрыс ұйымдастыру бойынша оқыту семинарын өткізуге келісті.
Кездесудің соңында спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ мүшелері референдумда өздерінің болашағы үшін маңызды таңдау жасау туралы айтылған пікірді бірауыздан қолдап, осындай құқықтық, әдістемелік көмек көрсету мақсатында кездесулер жиі болса деген ұсыныс білдірді.