Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күні мерекесінде Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығында салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында орталықтың директоры Ержан Естаев қатысушыларды Кәсіподақтар күнімен құттықтап, спорт саласын дамытуға қосқан зор еңбектері үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, орталық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен кәсіподақ ұйымының төрайымы Айна Ермағамбетова тілегін білдіріп, кәсіподақтың жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы атынан әлеуметтік-еңбек қатынастары мен кәсіподақ қозғалысының дамуына сіңірген еңбектері үшін Естаев Ержан Есімханұлы пен Рожков Максим Васильевич «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында қоғамның дамуына қосқан үлесі мен әлеуметтік әріптестікті дамытудағы жемісті еңбектері үшін Құрмет грамотасына Айдар Қартпаев, Мейрамгүл Дукуева, Әділжан Әділбек және Алғыс хатқа Мадина Қайырбек пен Батыр Қадырбайұлы ие болды.
Бұл шара еліміздің еңбеккерлеріне, кәсіподақ мүшелеріне деген жоғары құрметтің айғағы бола отырып, әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығын тағы бір рет айшықтады.