Кәсіподақтың күші – бірлікте

«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, біріңнің бірің сөйле сөзін тосып…»,-деп Абай атамыз айтқандай Алматы қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы мүшелік ұйымдардың мерекесінде бірге болуды дәстүрге айналдырған. 10 қазан -кәсіподақтар күні мерекесіне орай, барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына, отбасымен бірге Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Інжу-Маржан» концерттік бағдарламасын тамашалау мүмкіндігі берілді.

Концертте еліміздің өнер майталмандары, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің қайраткерлері қатысты. Кеште күйші Сәкен Тұрысбеков, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Үлкенбаева бастаған еліміздің халық әртістері өнер көрсетті. Мерекелік іс-шара барысында Алматы қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы атынан арнайы «Ықылас гүлі» табысталды.

Сонымен қатар, «Қызмет» салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Хабиұлы Жақыпов оркестр ұжымына салалық кәсіподақтың алғыс хатын табыстап, мол шығармашылық табыс, үлкен жетістіктер тіледі. Тыңдармандарды ерекше сезімге бөлеген концерт көптің көңілінен шықты.