Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин IndustriALL жаһандық одағы Бас хатшысының орынбасары Кемал Озканмен кездесті.
Кездесу барысында кәсіподақ көшбасшылары Қазақстанның салалық кәсіподақтарымен әріптестік және алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин федерация мен жаһандық кәсіподақ құрылымының ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің ынтымақтастығымыз бүгінде бауырластық қарым-қатынас деңгейіне көтерілді. Барлық халықаралық алаңдарда біз IndustriALL-ға қолдау көрсетіп отырмыз. Бүгінгі таңда ҚРКФ мүшелік ұйымдары халықаралық деңгейде әлеуметтік әділеттілік қағидаттары үшін күресетін IndustriALL сияқты қуатты халықаралық кәсіподақ бірлестігінің құрамдас бөлігі болып табылады», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.
Ол сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды.
Ең алдымен, ол Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіру мәселесінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына көрсеткен қолдауы үшін IndustriALL жаһандық одағының басшылығына алғысын білдірді.
«2021 жылдың қарашасында 10 миллионнан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіретін Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі құрылды. Өткен жылы Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары 48 миллионнан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіретін Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Бүгінде жаңа интеграциялық кәсіподақ құрылымдары аясында біз елдерімізде еңбекшілердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және басқа да заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша келісілген саясат жүргізіп жатырмыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыттарына кеңінен тоқталды.
«Біздің негізгі міндеттеріміз–барлық қызметкерлер үшін әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету. Біз үшін Лайықты еңбектің елдік бағдарламасын ілгерілету және еңбек қатынастары саласына, оның ішінде ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізу бағытында жұмыс істеу өте маңызды», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.
Кездесу барысында жалақы деңгейін арттыру және әділ еңбекақыны қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Сатыбалды Дәулеталин шетелдік әріптесін ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру және ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін енгізу жөніндегі бастамалар туралы хабардар етті.
«4 жыл ішінде ЕТЖ мөлшері екі есеге артты. Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау мәселелерін шешуді жақтайды. Әлемдік тәжірибеде ЕТЖ орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы тиіс деп қабылданған», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сонымен қатар, оның айтуынша, еңбекақы төлеу жүйесін қалыптастыруда әділдікті қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін табу керек.
«Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші еңбекақы төлеу жүйесін дербес реттейді. Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушіні қызметкердің өкілімен кеңесуге міндеттеу туралы бірнеше рет ұсыныс жасады», – деп толықтырды Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ басшысы өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
«ҚРКФ компенсаторлық модельден еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған жүйесінің қағидаттарына көшуге бағытталған 2024 – 2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге белсенді қатысты. Қазіргі уақытта біздің мүшелік ұйымдарда 11 мың өндірістік кеңес пен кәсіподақтардан еңбекті қорғау жөніндегі 18 мың техникалық инспекторлар жұмыс істейді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, кәсіподақтардың бастамасымен бүгінде елімізде мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беруді қарастыратын шаралар қабылданды, бұл еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
IndustriALL жаһандық одағы Бас хатшысының орынбасары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мақсаттары мен бастамаларын жоғары бағалап, жұмысшылардың әлеуметтік стандарттары мен құқықтарын ілгерілетудегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Ол ҚРКФ–ның әлеуметтік әділеттілікті нығайту және лайықты еңбек қағидаттарын енгізу жөніндегі күш-жігері тек өзекті ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік–еңбек саласын орнықты дамыту үшін де қажет екенін айтты.
Оның айтуынша,IndustriALL Қазақстанды маңызды серіктес деп санайды және біздің елімізде, оның ішінде химия, газ және мұнай салаларында үш өкілдіктің болуының маңыздылығын атап өтті.
Кемал Озкан барлық деңгейдегі кәсіподақ қозғалысына сенім орнатудың маңыздылығына аса назар аударды. Бұл табысты ынтымақтастық пен кәсіподақ мүшелігін дамытудың негізгі факторы деп санайды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты белсенді дамытып, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әділ еңбек жағдайларын жасау бағытында бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыру ниетін растады.
Анықтама: IndustriALL жаһандық одағы әлемнің 140 елінде тау–кен, энергетика және қайта өңдеу салаларында жұмыс істейтін 54 миллион жұмысшының мүдделерін білдіреді және бүкіл әлем бойынша еңбек жағдайлары мен кәсіподақ құқықтары үшін күрес жүргізетін жаһандық ынтымақтастық қозғалысының күштерінің бірі болып табылады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы