Бүгін, 24 қазанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шараны ашқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін Республика күнімен құттықтап, егеменді Қазақстанның қалыптасу тарихы аясындағы мерекенің маңыздылығын атап өтті.
«1990 жыл 25 қазан – Қазақстан үшін айтулы күн. Бұл күні еліміздің тәуелсіздігін жариялаған Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл құжат жаңа, егемен Қазақстанды құруға негіз болды. 2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан шығарылған еді, бірақ екі жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл шешім тарихи әділеттіліктің актісі және өткенге деген құрмет символына айналды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ел дамуындағы кәсіподақтардың рөлін атап өтті және еңбекқор халыққа, олардың жарқын болашақ құруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
«Осы жылдар ішінде кәсіподақтар әлеуметтік серіктестіктің ажырамас бөлігі, еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғаушы, маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардың белсенді қатысушысы болып келеді. Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілетіп, қызметкерлердің мүдделерін білдіріп және олардың заңды құқықтарын қорғай отырып, 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 2 миллионға жуық қызметкерін біріктіретін ең үлкен қоғамдық ұйым бола отырып, біздің еліміздің дамуына өз үлесін қосты деп нық сеніммен айта аламыз. Кәсіподақтар федерациясы бүгінге дейін жаңа Қазақстанды қалыптастыруға белсене атсалысты және әлі де атсалыса бермек”, – деп сендірді ҚРКФ басшысы.
Ол сондай-ақ Қазақстан Президентінің жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақтардың осы бастаманы іске асыруға жәрдемдесуге дайын екендігін жеткізді.
«Еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін маңызды аспект – Елбасы жариялаған жұмысшы кәсіптер мен мамандықтардың беделін арттыру курсы. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау – ел игілігінің негізі – Еңбек адамы екенін көрсететін маңызды қадам. Ал Еңбек адамына шынайы қолдау көрсету оның елеулі еңбегін құрметтеуден, мойындаудан басталады», – деп қосты Сатыбалды Дәулеталин.
Мерекелік жиын барысында Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ жетекшілері мен белсенділерін марапаттау рәсімі өтті.
Президенттің Жарлығымен еліміздің түрлі салалары мен өңірлерінен келген кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.
Адам құқықтары мен оның әлеуметтік мүдделерін қорғаудағы белсенді қызметі үшін «Парасат» орденімен келесі кәсіподақ белсенділері марапатталды: Қазақстандық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаев, Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов, «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» Қазақстандық өнеркәсіптік тау-кен металлургия кәсіподағының төрағасы Асылбек Нұралин, сондай-ақ «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Санат Тұңғышбеков.
Белсенді қоғамдық қызметі үшін «Қамқор Магистраль» көлік жөндеу кәсіпорындарының салалық кәсіподағының төрағасы Светлана Байқадамова «Құрмет» орденімен марапатталды.
Еңбек саласындағы жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар: Атом саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «КАР Logistics» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Лаззат Ақбергенова, Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақ орталығының бас маманы Людмила Голенкова, Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы Гүлнар Есқалиева, «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» ЖШС (Атырау) Сервистік бұрғылау компаниясының бұрғылаушысы Мәлік Омашев, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» филиалының кәсіподақ ұйымының төрайымы Юлия Фролова.
Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚРКФ-ның «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева және атом өнеркәсібі қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасымжан Мәдиев марапатталды.
Кәсіподақтағы белсенді қызмет үшін ҚРКФ-ның «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медальдары «QazMed» медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподақ және сабақтас салалары Әлиакпар Мәтішевке және ҚРКФ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Нина Османоваға табысталды.
Марапаттау рәсімі барысында мемлекеттік және кәсіподақ марапаттарының иегерлері еңбектерін лайықты бағаланғаны үшін алғыстарын білдіріп, сөз сөйледі.
Өз сөздерінде олар ортақ мақсаттарға қол жеткізуде бірліктің маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақтар қатарындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етіп, Қазақстан еңбекшілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында аянбай еңбек етіп жатқан Кәсіподақтар федерациясына терең алғыстарын білдірді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы