Адал еңбекпен абырой артқан

Өндірісте көлік тізгіндеуді кез келген адам таңдай бермесі анық. Ашық әдіспен кен өндіру процесіне саналы ғұмырының 20 жылдан аса уақытын арнаған Еркін Ғабидуллин ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК АҚ филиалы  -Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп жүр. Тәжірибелі экскаватор машинисі тұрақты жұмысы мен ұжымын әркез бағалайды.

Өндірістегі карьер – өзге жерде қайталанбайтын, сырын ешкім ұға бермес, өзіне тән ерекшелігі бар орта. Алайда ол жерде жұмыс істеу мұқияттылық пен табандылықты талап етеді. «Қауіпсіздік техникасы» ұғымы бұл жақта да өзекті. Тыныштық мүлгіген өндіріс алаңына төмендей бергенде тек алып көліктер мен экскаватордың шуылын ғана естуге болады. Алайда сол маңда бірлігі жарасқан жұмысшылар еңбектің көркін қыздырып жатады. Алыстан-ақ көзге түскенде әдемі көрініс. Мұндағы экскаватор машинистері карьердегі хром кені мен бос жыныстарын қазып, карьерден одан әрі шығару үшін  «БелАЗдарға» тиейді. Экскаватордың рөлінде отырған адам сақ болуы қажет.

Еркін Амангелдіұлы – әулетіндегі әкесінен кейінгі екінші көлік қызметкері. Кейіпкердің айтуынша, ол кәсіп таңдауда ұзақ ойланбай, ертеңіне сенімділік беретін, шын шаршауды сезіндіретін тұрақты жұмыс — өндіріске келіп, әулет ісін жалғастыруды ұйғарған.

«Комбинатқа жұмысқа тұрғанда, бірден экскаваторға отырдым. «Дөң» кенішінің мықты, тәжірибелі шеберлері жиналған ұжымға түстім. Біздің кеніш кәсіпорынның тарихи цехы саналады. Дөң тау-кен байыту комбинаты ашылғаннан бастап  кен өндіруді қырық жылдан аса уақыт ашық әдіспен жүргізіп келді. Кейіннен шахталар пайда болды. Сондықтан бұл ортада небір тәжірибелі машинистер еңбек етті. Сол ортаның жұмысын бүгінде біз жалғастырып жатырмыз. Ұжымым мені жылы қарсы алды, тәлімгерім экскаватор тізгіндеуді ғана емес, кенді сортына қарай ажыратуды, сол орынды тиімді аршуды да  үйретті. Міне, бүгінде өзім де жас машинистерге білгенімді үйретіп жүрмін» , – деді Еркін Ғабидуллин.

Ол тірлігі қызу өндіріс алаңындағыөз қызметін бес кубтық электрлі экскаватордан бастаған болатын. Ал бүгін кеніште 11 куб экскаваторлар да бар. Қатарға жаңа технологияларға негізделген көліктер қосылып жатыр. Еркін Ғабидуллин тізгіндеген жапондық «Хитачи» – мобильді әрі кабинасы кең, басқаруға жеңіл дизель отынды алып экскаватор.

Қай кезде де еңбекке ұмтылған, маңдай терін сүртіп өскен аға буын – Дөң тау-кен байыту комбинатына енді аяқ басып жатқан қызметкерлерге үлгі.