Халық арасында кеңінен тараған «Дудар-ай» әнін білмейтін жан жоқ шығар. Қазақ жігіті Дүйсенге ғашық болған орыс қызы Мариямның осы бір әні жылылық пен махаббаттың, ғашықтық пен құштарлықтың символы деп айтуға болады. Мариямнің екі әпкесі және төрт ағасы қазақ тілін меңгерген, ал өзі бала кезінен домбырада шебер ойнап, айтыскер өнерімен танымал болған. Жергілікті тұрғындар оны Мариям Жагорқызы деп атаған.
«Еңбек адамы» айдарында сөз қозғағалы отырған Абай облысының Әміре Қашаубаев атындағы филормония әншісі Утуленова Мапруза Кадешқызы Марияның ағасы Максимнің қызы Татьяна Рекинаның жиен немересі.
Нағашы апасы Мариямнан әншілік қасиет дарыған Утуленова Мапруза Кадешқызы 1961 жылы Ақмола облысындағы Державинск қаласында көпбалалы отбасында туған. 1978 жылы Н.К.Крупская атындағы орта мектепті бітіре салысымен, Торғай облысының жас әншілер байқауында «Бас жүлдені» жеңіп алып, өзінің еңбек жолын профессор Болат Сарыбаев басқарған Торғай облыстық филармонияның «Шертер» қазақ этнографиялық ансамблінде әнші болып бастайды.
Мапруза 1980 жылы болашақ жары Ақылбекпен танысып, өмірлік отбасын құруға уәделесіп, содан Семей қаласында отбасын құрып, өзі сүйіп таңдаған шығармашылық жұмысын Жаңасемей ауданының «Семейтау» ансамблінде әнші болып жалғастырды. Семей қаласындағы Жамбыл технологиялық институтының сырттай бөлімін бітірген. Кейіннен ол Семей қалалық мәдениет сарайында, одан кейін Әміре Қашаубаев атындағы филормонияда әншісі болып қызмет атқарып келеді.
Бүгінгі таңда еңбек өтілі 44 жылдан тұратын Мапруза Кадешқызы Б.Төлегенова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрімен, «Славянка» орыс халық аспаптары ансамблімен, «Кербез» халық аспаптар ансамблімен және «Достық» аспаптық ансамблімен бірге қазақ, орыс, татар, украин,еврей әндерін нақышына келтіріп шырқап, республика мен шетел, Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарын аралап, көрермендердің көңілінен шыққан.
Утуленова Мапруза 2004 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Жас Ұлан» байқауының Гран-при иегері, Алматы қаласында өткен «Алматы — менің алғашқы махаббатым» 6 және 7 ретро фестивалінің шығармашылыққа адалдығы үшін дипломдарымен марапатталған. 2002-2012 жж. аралығында өткен «Орыс өнерінің барлық халықаралық фестивалінің» он дүркін лауреаты, Өскемен қаласында өткен «Беловодье» халықаралық орыс фольклоры фестивалінің екі мәрте дипломанты, 2001, 2005 жылдарғы Татар әндерінің халықаралық фестивалінің екі мәрте дипломанты, 2010 жылы Өскемен қаласында өткен Украина шығармашылығының облыстық фестивалінің «вокалдық солист» номинациясы бойынша дипломанты, Астана қаласында 2012 жылғы Халықаралық украин өнері фестивалінің лауреаты, 2016 жылғы «Шекарасыз ән» Халықаралық фестивальдің дипломаты. Ол Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркия, Татарстан елдеріне бірнеше рет Қазақстан Республикасы мен Шығыс Қазақстан облысының өнер майталмандары делегациясының құрамында болды. Польшада, Германияда, Францияда, Испанияда, Португалияда, Италияда, Малайзияда өткен әлемдік фольклорлық музыка фестивальдерінде Қазақстан Республикасының атынан қатысты.
Музыка өнерінің дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін Мапруза Кадешқызы «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі, «Шапағат» медалі, «Ерен еңбегі үшін» деген мемлекеттік наградалармен, облыс, қала әкімшілігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қоса, адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, халық шығармашылығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Мапруза Утуленоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Мапруза Утуленова шығармашылық қызметін қоғамдық жұмысымен ұштастырған белсенді маман. Ол «Қарттар үйі», «Жалғызбасты зейнеткерлерге қызмет көрсету аумақтық орталығы», «Семей қаласындағы саңыраулар және нашар еститіндер клубы», ардагерлер ұйымында (ҰОС) қайырымдылық кештерін ұйымдастырып, орындаушылық шеберлігі үшін өнер сүйер қауым арасында үлкен танымалдылық пен сүйіспеншілікке ие болды. Мапруза Қазақстан Республикасы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, филармонияның бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағасы.
Ата-бабамыздан жеткен халық әндерінің қаймағын бұзбай, заманауи бағыттармен үндестіре ән салған Мапруза өз ұжымында даусыз беделге ие.
Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, бес немер сүйіп отырған Мапруза Кадешқызына зор денсаулық, отбасына амандық, жұмысына шығармашылық табыс, сәттілік пен жеңіс тілейміз.