Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығында Республика күнін және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған «Қызмет» елордалық филиалы төрағасының орынбасары Әлима Бекназарова қатысты.
«Үміт» дағдарыс орталығы» тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың стационар жағдайында 6 айға дейін уақытша тәулік бойы тұруына арналған. Дағдарыс орталығында әйелдерге құқықтық, психологиялық және басқа да арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Мекеме директоры Ғалихан Куканбеков пен Әлима Бекназарова орталық қызметкерлерін Ұлттық мерекемен және Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күнімен құттықтап, қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.
«Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі адамгершілікке, мейірімділікке толы. Бұл оңай жұмыс емес, сіздер күнделікті әлеуметтік азапқа ұшыраған, соның ішінде отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға адамдарға көмек бересіздер. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі біздің қоғамда әлі де өзекті. Зорлық-зомбылықты бастан кешкен адамдардың шынайы оқиғаларымен жанасу – кәсіби қызметтеріңізде қатты алаңдаушылық туғызады және зор жауапкершілікті талап етеді. Сіздердің еңбектеріңіз шынайы құрметке лайық»,-деді «Қызмет» елордалық филиалы төрағасының орынбасары Әлима Бекназарова.
Одан әрі мерекелік іс-шара барысында әлеуметтік қызмет көрсету мамандары арасында байқау өткізіліп, оған 3 команда қатысты.Қазылар алқасы мен әріптестерінің алдында қатысушылар өз білімдерін ортаға салып, байқаудың шығармашылық кезеңінде өз өнерлерін көрсетті. Практикалық бөлімде әлеуметтік қызметкерлер билеттерде қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасы қатысушылардың шеберлігін бағалады. Командалар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін баяндайтын әсерлі әлеуметтік қойылымдар дайындады. Көздеріне жас алған көрермендер әріптестерінің қойылымына қошемет көрсетті. Сайыс соңында әр команда ұсынылған жемістер мен жидектерден әдемі композиция жасады.
Төрт кезеңнен жинаған ұпай бойынша Қазылар алқасының шешімі бойынша 1-ші орын «Үміт тобы» командасына, 2-ші орын «Жұлдыз тобы» командасына және 3-ші орын «Мейірімділік тобы» командасына берілді.
Қазылар алқасының құрамында болған Әлима Бекназарова елордалық «Қызмет» филиалының атынан байқауға қатысушыларға алғыс айтып, олардың актерлік дарындарын, креативтілігін, тапсырмаларды орындаудағы шығармашылық тәсілдерін атап өтіп, жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтарды тапсырды. Сондай-ақ, кәсіподақтың белсенді мүшелеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.