Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз

Еңбек адамы – ел мақтанышы. Осындай жандарынын бірі Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері Батырлан  Сағынтаев.

Батырлан Өзбекәлі Жәнібеков негізін қалаған руханият ордасында 2015 жылдан бері ғылыми қызметкер ретінде қызмет атқарып, мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, ғылыми-зерттеу, жәдігерлерді жинақтау, сақтау және насихаттау бойынша нәтижелі жұмыс атқарып, өскелең ұрпаққа еліміздің тарихи құндылықтарын сақтап, өңірдің рухани өмірін, мәдени саласын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Мұражайда өтетін барлық іс-шараларға ат салысып, өлке тарихын  таныту жолында мұражай келушілерімен қатар, аймақ тұрғындарына танымдық деректер беруде бірқатар құнды іс-шаралар өткізді. 2023 жылы мұражайда өткен реэкспозиция жұмыстарына да бастан-аяқ қатысып, мұражайдың жаңғыруына, жаңа экспозицияның жасалуына өз үлесін қосып, ауқымды жұмыстар атқарды.

Батырлан мұражай қабырғасында жүріп, аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға қатысып, өңірдің мәдениеті мен тарихына, аймақтық әдебиетке арналған баяндамалар оқып,  тәжірибе алмасты. 40-нан аса ғылыми мақаланың авторы. 3 томдық «Торғай ақындарының антологиясы», «Бітімгерлік бастауы», «Арқалық тарих толқынында», «Ел жырауы атанған…», «Тас түлеткен талант», «Аманкелді – ұлт ұлықтаған батыр» кітаптарының құрастырушысы және жауапты шығарушысы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мұражайда жаңа жобаларды қолға алып, 2019 жылы «Ескі сөз – ел мұрасы» фольклор жинағын, 2020 жылы «Тобыл-Торғай әуені» атты музыка антологиясын жарыққа шығарды. Аталған басылымдардың жарық көруі – өңіріміздегі өткен ғасырлардағы музыка мәдениетінің, саз бен сөз мұрасының, жалпы халық шығармашылығының қандай күйде болғандығын, рухани мәдениетінің тарихын әділетті да жан-жақты бағалауға мүмкіндік туғызатындықтан Батырланның бұл еңбектері мұражайдың ғана емес, облыстың мәдениет саласына қосылған жарқын табыс, жақсы олжа болды.

Оның саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі ретінде де атқарған еңбектері аз емес. 2021 жылы «Батпаққара көтерілісі» атты кітап шығарып, онда Кеңестік озбыр саясатқа қарсы күресіп, түрлі деңгейде жазаға ұшыраған 600-ге жуық тұлғалардың толық дерекнамасын көрсетіп берді. Сондай-ақ «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдарының» (1920- 1940 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы дәйектерді зерттеу. Қостанай облысы. Т.40) көптомдығын құрастырушылардың бірі болды.

Қостанай облысы жастары мен Арқалық қалалық жастарының «Алтын кітабына» және республикалық «Қазақстан үміттері» кітабына есімі жазылған Батырлан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыс әкімінің Алғыс хатымен, Арқалық қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, Қостанай облысының мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық мәдениет басқармасының басшысының Грамотасымен және  еліміздің әлеуметтік-мәдени саласында атқарған ұзақ жылғы абыройлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатымен марапатталған. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған, Аманкелді Имановтың 150 жылдығына арналған естелік медальдардың иегері.

Батырлан Жұмабайұлы мұражайдан тыс жеке шығармашылықпен де айналысып, әр жылдары өткен облыстық, аймақтық, республикалық айтыстар мен жыр мүшәйраларының жүлдегері болды. Облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттері мен ұжымдық жинақтарда ғылыми мақалалары, өлеңдері жиі жарияланып тұрады. Әдебиет саласында жеткен жетістіктері үшін Қостанай облыстық меценаттар клубының «Шабыт» сыйлығының лауреаты атанған. Өлеңдері «Аңсар»,  «Кейкі батыр», «Алтын тұғыр», «Тағылым мектебі», «Жазба айтыс жыр жауһар»  т.б. жыр жинақтарында жарық көрген.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы мен Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Ол өз жұмысында үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізеді, өз мысалымен әріптестерін жігерлендіреді. Ол ерекше орындаушылық пен ұқыптылықты көрсетеді, жеке ұйымдастыру дәрежесі өте жоғары. 2015 жылдан бастап кәсіподақ мүшесі.