Халықаралық ынтымақтастық жалғасуда

28 қазанда Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының бірінші басшысы Го Юймен кездесіп, мұнай-газ саласындағы қазақстандық жұмысшылардың жалақы мәселесін талқылады.

Алтынбек Әмірғалиев Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының бірінші басшысымен кездесу барысында қазақстандық жұмысшылардың жалақысын міндетті түрде жыл сайын индекстеу, еліміздің мемлекеттік мерекелерінде қазақстандық жұмысшыларға сыйақы төлеу, ұжымдық шарт талаптарын орындау сияқты бірнеше мәселе көтеріп, кейбір қытай компанияларының жалақыны индекстеу мен мемлекеттік мерекелерде сыйақы төлеуге ынталы еместеріне назар аударды.

Сонымен қатар, кездесу барысында Алтынбек Әмірғалиев ҚР Кәсіподақтар Федерациясының және оның мүшелік ұйымдарының негізі бағыттары, еңбек жанжалдарынның туындамауына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан жұмыстары және кәсіподақтар мен Қытай қатысуы бар жұмыс берушілер арасындағы қатынастар туралы баяндады.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының бірінші басшысы Го Юй Кәсіподақтар орталығының басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, оның сапары кәсіподақ ұйымымен және оның өкілдерімен алғашқы ресми танысуы екенін атап өтіп, екі елге кәсіподақ байланыстарын нығайтуға және кәсіподақ басшылығымен көтерген мәселелерді іске асыруға қолдау көрсетуге ниет білдірді.