Астанадағы құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігі бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Бүгін елордада BI Group компаниясы салып жатқан «Nexpo Classic Style» және «Mod Comfort 3» тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті.

Іс-шараға елордадағы еңбек қауіпсіздігіне жауапты жетекші ұйымдардан: Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы, Қалалық еңбек инспекциясы, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Астана қалалық прокуратурасының өкілдері қатысты.

BI Group компаниясының өкілдері және құрылысшыларымен кездесу барысында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігінің барлық нормаларын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Әрбір жұмысшының қауіпсіздігі – бірінші кезектегі міндет. Біз жұмысшының өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек. Кәсіподақтар еңбек қатынастарына қатысты даулы жағдайлар туындағанда жұмысшыларға қолдау көрсетуге дайын»,-деді кәсіподақ төрағасы.

Астана қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Абай Еркінов: «Мемлекет еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне көп көңіл бөледі. Біз құрылыс нысандарына үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қадағалап отырамыз, егер бұзушылықтар анықталса, қатаң шаралар қолданамыз. Біз құрылыс процесінің барлық қатысушыларын қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және еңбек шарттарын жасасуға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз»,- деп атап өтті.

Кездесуде ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар сұрақтарын қойып, жетекші мамандардан жан-жақты жауаптар алды.

Бұл шара құрылыс алаңдарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын көрсетеді.