Астанада жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

«Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының елордалық филиалы жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымымен толықты. «Астана қаласының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ ұжымының құрылтай жиналысы өтіп, онда бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешім қабылданды.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Мәлік Ғайнетденұлы Кабулов сайланды. Сондай-ақ құрылтай жиналысында бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері мен тексеру комиссиясының құрамы сайланды.

Ынтымақтастық туралы шартқа қол қою барысында Астана қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов Мәлік Қабыловты сайлануымен құттықтап, елорданың ұйымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

«Бұл біздің басым міндеттеріміздің бірі. Бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметі жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында сауатты қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғайды, ұйымдағы жұмыстың тиімділігін арттырады», – деп атап өтті А.Нұрланов.

Сондай-ақ, кездесу барысында А.Нұрланов кәсіподақ мүшелігінің артықшылықтарына тоқталып, құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымының алдында тұрған міндеттерді шешу жолында сәттілік тілеп, жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.