Семейде мұғалімдер арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті

Абай облысы, Семей қаласы, № 21 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Шарипхан Рахымжанов және дене шынықтыру мұғалімдерінің бастамасымен, 25 қазан – Республика күніне арналған «Спорт – біздің серігіміз!» атты мұғалімдер арасындағы шағын футболдан облыстық жарыс өткізілді.

Аталған шара осы мектеп басшылығының ұйымдастыруымен қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр. Жарысқа облыстың түкпірінен командалар жиналды. Атап өтсек, Ақсуат, Көкпекті, Абай, Жарма, Аягөз, Жаңасемей аудандары және қала мектептері бақ сынасуға келді.

Семей қаласының кәсіподақ ұйымының төрағасы Ербол Мусабеков және № 21 жалпы білім беретін мектебінің директоры Шарипхан Рахымжанов  сайыстың ашылу рәсімінде командаларға сәттілік тілеп, іс-шараның маңызына тоқталды.

Бұл жарыстың мақсаты – шағын футболды халықтық спорт түрі есебінде кеңінен тарату және дамыту, қатысушылардың достық, мәдени қарым-қатынастарын, біліктілік деңгейін арттыру.

Жарыс бар жерде табыс, бәсеке бар жерде береке болатыны белгілі. Аталған жарысқа облысқа қарасты аудан, қалалардан жиналған 25 команда қатысып, тартысқа толы ойын көрсетті. Сайыстың қорытындысы бойынша, І орын – Семей қаласы, № 32 мектебі, ІІ орын- Семей қаласы,  № 21 мектебі, ІІI орынды Семей қаласы, № 49 мектебі иеленді.

Жеңімпаз командалар және ойыншылар  облыстық, қалалық кәсіподақ ұйымының қолдауымен  арнайы жүлделермен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.