Бүгін Брюссельде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің 8-ші Жастар конференциясы өз жұмысын бастады. Конференцияның негізгі тақырыбы – «Цифрландыру дәуіріндегі жастардың жұмыспен қамтылуы — «Әділ цифрландыру» мәселелері мен мүмкіндіктері». Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің Жастар кеңесі атынан «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Салимгерев қатысуда.
Бірінші болып, конференция делегаттары алдында БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч сөз сөйледі. Спикер жас кәсіподақ көшбасшыларының әлемдегі жұмысшы жастардың мәселелерін шешудегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. Ол БЕАК-нің басымдықтары туралы егжей-тегжейлі тоқталып, ұжымдық келісімдер жасау процесіне ЖИ (жасанды интеллект) технологияларын енгізудің өзектілігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде БЕАК- Жастар комитетінің төрағасы Юрий Варламов 2022-2024 жылдар аралығындағы комитеттің қызметі туралы есеп берді.
Шара барысында халықаралық сарапшылар Бодсон Зеири мен Кнут Дезлевсен бельгиялық кәсіподақтар мен Эберт қорының ағымдағы әлеуметтік жобалар бойынша ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстандағы жас кәсіподақ жетекшілерінің ұстанымын ҚРКФ Келешек жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев таныстырды. Ол өз сөзінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы жас кәсіподақ жетекшілерінің қызметі еңбек саласындағы жастарды қолдауға және кәсіподақ қозғалысын одан әрі нығайтуға және дамытуға бағытталғанын атап өтті.
«Біздің өңір белсенді дамып, БЕАК-мен интеграцияға ұмтылуда. Еуропалық әріптестермен ынтымақтастық және тәжірибе алмасу – біздің елдеріміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне қол жеткізудің маңызды қадамдары. Орталық Азия – орасан зор әлеуеті бар аймақ және біз бұл әлеуетті азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту және экономикалық байланыстарды нығайту үшін пайдалануға дайынбыз. Бүгінгі таңда Жастар кеңесінің басты міндеті – жастарды кәсіподақ қозғалысына тарту және жас қызметкерлердің мүдделерін қорғауға бағытталған шешімдерді әзірлеу. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жастар кеңесі ұйымдастырған маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек эволюциясы: климат, құзыреттілік, код» атты жұмысшы мамандықтардың халықаралық жастар форумы болды. Форум Қазақстанның барлық өңірлерінен қатысушыларды, сондай-ақ халықаралық қонақтарды жинап, жаһандық өзгерістер жағдайында жұмыстың болашағына қатысты маңызды тақырыптарды талқылауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Аян Сәлімгереев.
ХКК БЕАК-нің Жастар комитетін одан әрі дамыту үшін қазақстандық жас кәсіподақ жетекшісі жаһандық экологиялық мәселелерді ескере отырып, экономиканың «жасыл» секторларында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірқатар бастамаларды білдірді.
«Біздің ұстанымымыз – «Өлі планетада жұмыс жоқ».
Оның пікірінше, технологияның қарқынды даму кезеңінде жастарды олармен жұмыс істеу дағдыларын, оның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды үйретуге баса назар аудару керек. Осы тұста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтар үшін ЖИ көмекшісін енгізіп, бұл бағытта жұмысты бастап кетті және әріптестерімен әзірлемелерді бөлісуге дайын.
Ал белсенді жастарға арналған танымдық іс-шаралар мен тренингтер өткізу және көшбасшылық дағдылар мен жобаларды басқаруға үйрететін бағдарламаларды ұйымдастыру, спикердің айтуынша, жастардың өз іс-әрекетінің тиімділігін арттырып, кәсіподақ қозғалысына араласуына ықпал етеді.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанда ХКК БЕАК-нің жазғы мектебін өткізуге бастамашы болды және біз бұл шараға әр елдің жастар өкілдері қатыса алатындай жастар квотасын белгілеуді ұсынамыз. Біз ХКК БЕАК Жастар комитетінің веб-сайтын ашуды ұсынамыз, сонда барлық мүше елдер ынтымақтастықты дамытып, бір-бірімен тәжірибе алмаса отырып, өз жұмыстарымен және жетістіктерімен бөлісе алады. Бұл біздің халықтарымыздың игілігі үшін білім алмасу және бірлесіп жұмыс істеу алаңына айналады», – деп түйіндеді ҚРКФ өкілі.
Конференция аясында ХКК БЕАК Жастар комитетінің жаңа құрамын сайлау өтеді. Әрбір БЕАК-не мүше ұйым БЕАК Жастар комитетіндегі қызметке сәйкес кандидат ұсынуға құқылы: оның ішінде президент, екі вице-президент және алты мүше. Үміткерлер қатарында «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев те бар. Сайлау нәтижелері Конференцияның екінші күні жарияланады.
ҚРКФ медиа орталығы