Құрылыс саласындағы еңбек заңнамасын сақтау: мониторинг нәтижелері және еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар

Еңбек заңнамасын сақтау мәселелері тұрақты негізде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үш жақты комиссияның отырыстарында Астана қаласының Кәсіподақ орталығы, Астана қаласы бойынша Қазақстан құрылысшылары одағы, полиция департаменті, прокуратура өкілдерінің, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы өкілдерінің қатысуымен қаралады.

Осы жұмыс шеңберінде еңбек мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырыстары және кәсіпорындарда еңбек консультациялары өткізіледі, онда өзекті мәселелер талқыланады және шешімдер әзірленеді.

2024 жылғы 6 қарашада «Жанұя» отбасын қолдау орталығында құрылыс саласында тас қалау бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын сақтау мәселесі бойынша тас қалаушылар бригадаларымен және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.

Құрылысшылар жұмыстың құнын арттыруды талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін құрылыс нысандарында мониторинг жүргізген жұмыс тобы жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу, еңбек шартын жасаспау сияқты бұзушылықтарды анықтаған еді.

Отырыста еңбек заңнамасының сақталуына жауапты жетекшілер осы өзекті мәселені шешудің жолдарын қарастырды. Нәтижесінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында тас қалаушылар үшін заңды ЖШС құрып тіркеу ұсынылды. Осы серіктестік негізінде тас қалаушылар бригадасы делдалдар арқылы жалданбай, тікелей құрылыс салушылар компанияларымен келісім-шартқа отыра алады. Қазақстан құрылысшылары одағы Астана қаласы бойынша өкілі оның заңды орындалуын және әрі қарай үйлестіруді реттейтінін жеткізді.

Бұл ұсыныс тас қалаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жеке ЖШС құра отырып, олар нарықта өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.

«Жанұядағы» кездесу құрылыс саласындағы әділетсіз еңбекақы мәселесін шешудегі маңызды қадам болды. Егер іске асырылатын болса, ұсынылған шешімдер тас қалаушылардың жұмыс жағдайын жақсартуға және құрылыс компаниялары мен жұмысшылар арасындағы өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық жүйесін құруға мүмкіндік береді.