Бастауыш кәсіподақ ұйымы басшысының білікті болуы – жалпы кәсіподақтық қызметтің көрінісі, себебі бастауыш ұйым – кәсіподақ қозғалысының негізі. Осыған орай Кәсіподақтар федерациясы бастауыш кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру бағдарламаларын іске қосты.
Бүгін сол жобалардың бірі – Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің кезекті оқыту семинары өтті. Іс-шара Қазақстандағы және шетелдегі кәсіподақ қозғалысының даму тарихын зерделеумен жалғасты. Бұл тақырыпты семинар тыңдаушыларына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды.
Онлайн кездесуді жобаның авторы және үйлестірушісі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашып, кәсіподақтық білім беру саласын кеңінен қамтуды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақ көшбасшылары мектебі – кәсіподақ қозғалысының жетекшілері мен белсенділері тиімді жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдыларды ала алатын бірегей алаң. Жобаға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанына қуаныштымыз», – деп атап өтті Ләззат Есжанова.
Семинар дәріскері, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақтардың пайда болу және даму тарихына тоқталды. Оның айтуынша, алғашқы кәсіподақтар XVIII ғасырдың 70-80 жылдары Англияда пайда болған.
«Кәсіподақтардың пайда болуы–бұл жалдамалы жұмысшылардың өндіріс құралдары иелерінің әрекеттеріне жауабы», – дейді Нұрлан Өтешев.
ХХ ғасырдың басынан бастау алатын Қазақстандағы кәсіподақтардың құрылу тарихына жеке тоқталды.1905 жылы 6 желтоқсанда құрылған қазіргі Қарағанды облысының аумағында орналасқан Успен мыс кеніші жұмысшылар одағы еліміздегі алғашқы кәсіподақ ұйымы ретінде ресми түрде танылды.
Кеңес заманында Қазақстан Республикасының барлық кәсіптік одақтарының қызметін бірыңғай орталық орган – 1948 жылы Бүкілодақтық Кәсіптік одақтар орталық кеңесінің XIX Пленумының Қаулысы негізінде құрылған Қазақ кәсіптік одақтар кеңесі (Қазкәсіпкеңес) басқарды.
1990 жылы 10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазкәсіпкеңестің заңды мұрагері – Қазақ КСР кәсіподақтар федерациясының құрылуы туралы декларация қабылданды.
1992 жылдың 3- наурызынан бастап Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы (ҚРКФ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ спикер 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» аясында федерацияның атқарып жатқан шаралары туралы, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктері туралы айтты.
Кездесу соңында ҚРКФ төрағасының орынбасары жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, жобаға қатысушыларға алдағы уақытта жемісті жұмыс тіледі.